Бүгінде асқаралы алпыс жастың асуын бағындырған жазушы Мереке Құлкенов «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Пионер» («Ақ желкен»), «Қазақ әдебиеті», «Жалын» секілді басылымдарда қызмет атқарған.

Республикалық «Ана тілі» газетінің, «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы болды. Қазір «Өлке» баспасының бас директоры. Мереке аға «Ұлан» оқырмандарына өзінің балалық шағы жайлы сыр шертеді

Әжемнің әлдиі ғана емес, әңгімесі де өсірді

Атырау облысының қиыр шетіндегі Қарабау ауылында дүниеге келгенмін. Қарабау – Қызылқоға ауданының орталығы еді. Тарихи өлке. Халық Қазан мерекесін думандатып тойлап жатқанда дүние есігін ашқанымнан болар, ауылдың Қошық деген беделді  ақсақалы «бұл бала мерекеде дүниеге келді ғой. Есімі Мереке болсын»  деп құлағыма үш рет айқайлап, азан шақырып, ат қойған екен. Әжемнің әңгімелерін, аңыз, жыр-дастандарын тыңдаудан еш жалықпайтынмын . Әжем әңгімешіл, көргені мен көкейге түйгені көп жан еді. Хат танымаса да, жыраулар толғауын, батырлар жырын жатқа айтатын. Әсіресе, Махамбет, Шернияз, Әбубәкір Кердері сияқты ақындардың толғауларын құлағымызға құйып отыратын.

– Мен, мен едім, мен едім.

Мен Нарында жүргенде,

Еңіреп жүрген ер едім.

Исатайдың барында,

Екі тарлан бөрі едім, – деп әжеммен бірге күбірлеп отыратынбыз. Күнде кешкісін көрші-қолаң жиналады. Мен де өз қызметіме кірісемін. Мұқабасында шөптің арасында жерге шаншылған қылыш және жерде жатқан қалқанға қадалған жебе суреті бар қалың қызыл кітапты қолыма аламын. Бұл 1958 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан «Қазақ эпосы» атты кітап еді. Әлі күнге дейін қымбат мүлкімдей сақтаулы. Одан бөлек  «Қобыланды батырды», «Алпамыс батыр хикаясын», «Ер Тарғынды», «Қамбар батырды», «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» өзім де сондағы батырларға ұқсағым келіп, нақышына келтіре, баппен оқып беретінмін. .

Алғашқы шығармама  «үш» қойған

Алғашқы әңгімемді алтыншы сынып оқып жүргенде жаздым. Ауылда шыңырау құдықтар бар-ды. Тұрғындары  сол құдықтың суын  тұтынады. Құдықтан су тартып алуға арналған, көнтеріден жасалған шелек – қауға болады. Қауғаны шыңырау құдықтың түбіне жібереміз. Бірақ оны тартып шығаруға бір-екі адамның күші жетпейді. Түйе немесе есекке байлап, тартып шығаруға тура келетін. Біздің ауылда есек жоқ, есесіне түйелер көп. Сол құдық басындағы  қызықты оқиғаларды бала сезіміммен әңгімеме арқау етіп жазып шықтым. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазым шығармамды мақтағанмен, «грамматикалық қателері көп» деп «үш» қойып бергені әлі есімде…

Бала кезден әңгіме, хикаят жазуға құштар болдым. Және жазған-сызғандарым аудандық, облыстық басылымдарда жиі басылатын. Бір күні аудандық «Коммунизм туы» газеті почта арқылы қаламақы салып жіберіпті. Ой, қуанғаным-ай!.. Жетінші сыныпта оқып жүргенде ғой, мектепке мені бір ағай іздеп келді. Аудандық басылымның тілшісі Қалижан Сағиев екен. Бұйра шашты, ақжарқын жан. Менің не жазып жүргенімді сұрады. Жазғы демалыста бос жүрмей, газетте тәжірибеден өтуге шақырды. Сыныптастарым шөп шауып, колхоз жұмысына көмектесіп жүргенде, мен журналистика саласының қиындықтарын көріп, шыңдала түстім. Сосын трактор рөлінде отырып, шөп шауып жүрген  сыныптастарым жайында көлемді мақала жазып шықтым. Ал мектепте қабырға газетінің редакторы болдым. Қабырға газетінің өзін  аудандық, облыстық газеттер сияқты шығаруға тырысатынбыз. Шағын редакция ұжымын жасақтап алдым. Сосын әрбір балаға жеке тапсырмалар беріп, уақытында орындауын қадағалап отыратынмын. Менің редакторлық қызметім мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ осылайша басталып кеткен.

Бірінші және соңғы төбелес

Бірінші сыныпта сыныптас қызды қатты жақсы көрдім. Тұлымшағын екі жаққа өріп қоятын. Үсті-басы тап-таза. Сабақты да жақсы оқитын. Ол кезде біз жақсы оқитын қыздарды жақсы көретінбіз. Үлкен апама келіп, сол қызды қалай жақсы көретінімді, дауысының тұнықтығын айтып, есін шығарғанымды білемін. Үшінші сыныпта аудан орталығы Миялыға көшті де, біз де Қарабаудан қоныс аудардық. Одан кейін ол қызбен жолымыз түйіспеді. Бірақ менің есімде сол  әдемі  күлкісі, тұнық көздері қалып қойды. Біздің ауыл құмды ауыл болды. Сол құмның арасына өскен шөптердің тамырларынан сағыз теретінбіз.

Бірінші сыныпты бітірген жылы көрші апаймен кітапханаға бардым.  Суреті бар мұнша көп, алуан түсті кітаптарды көріп, аузым ашылып қалды. Сол сәттен бастап менің қолымнан кітап түспейтін болды.

Төрт-бес жасымда болуы керек, далада ойнап жүріп, бір қыздың лақтырған тасы маңдайыма сарт ете қалды. Баламын ғой. «Қызды дереу ұстап алып, жұдырығыммен бір перейін» деп ойлап тұрмын. Сол кезде «қыздарға қол көтеруге болмайды» деп үнемі айтып отыратын әже ақылы есіме  түсіп кетті. Өзімнің ағат қылық жасайын деп тұрғанымды түсініп, қызды қолымнан босата салдым.

Мектепте бір  бұзық бала болды. Үнемі қыздардың шашынан тартып, ұлдармен төбелесіп, ұстаздардың айтқанына құлақ аспай жүретін. Бір күні сол баламен жаға ұстасып қалдым. Өзіммен бірге өзгелердің де кегін алмақ болып, жеңілмеуге тырыстым. Жеңдім де. Кейін орнынан тұрып, үсті-басының шаңын қағып кетіп бара жатқанында байқадым. Бір аяғын сылтып басады екен. Өзім қатты ыңғайсызданып, екі бетім дуылдап кетті. Бұл менің бірінші және ең соңғы төбелесім болды.

Балалық шағын сағынбайтын адам жоқ шығар. Мөлдір, кіршіксіз таза кезін бәрі де аңсайды ғой. Адам ғұмырының  жүректен мәңгі өшпейтін балдәурен шағын мен де жиі сағынамын.

«Ұлан», №45. 08.11.2011