Оларға он күн бұрын жып-жылы үйде ойнап-күліп, жұмсақ ойыншықтармен ойнау арман болатын. Олар қабырғасы құлайын деп тұрған, едені жоқ сыз бөлмеде жетілді.

Олар деп отырғаным – Ахат аға мен Кубра апайдың үйінде өсіп келе жатқан үйелмелі-сүйелмелі 9 бала. Аллаберген 9-сынып, Рабия 8-сынып, Хадиша 5-сынып, Сабина 4-сынып, Зухра мен Захра 1-сыныпта оқиды. Одан кейін Азизаның жасы 5-те. Махти 2-ге толады, ал кішкентайлары Рамазан 4 айлық. Алтауы Шымкенттегі Ақпан батыр атындағы №10 мектепте білім алады.

Рабия: Қара нан мен қара су да таппай қалған күндер болды. Шыдап бақтық. Ата-анамыз қиындыққа төзуге, сабырлылыққа тәрбиеледі өйткені. «Мектепке бір киімді күнде киіп бара беремін бе?» деп қиғылық салған емеспіз. Жыл сайын Аллаберген екеуміз Рамазан айында ораза ұстаймыз. Кейде ауыз ашатын, бекітетін кезде тамақ болмай қалады. Ол кезде анам суға күріш пен машты қайнатып, пісіріп береді. Биылғы жыл біз үшін сәтті басталды. Өйткені, Жаңа жылға жақсы адамдар сый жасап, осы пәтерге көшіріп әкелді. Уақытша тұрсақ та, алдыңғы құлағалы тұрған баспанамыздан әлдеқайда жақсы. Ойыншықтарға толтырып қойыпты. Біз ойнап өспеген ойыншықтармен кішкентай іні-сіңлілерім ойнап өсетін болды.

Аллаберген: Біздің ата-анамыз 1993 жылы Ираннан көшіп келген. Әкем – етікші. Анам кішкентай бауырларыма қарап үйде отырады. Әбден жер үйде тұрып үйренгесін бе, кішкентай іні-қарындастарым көпқабатты үйге «сыймай жүр». Бір кіріп, бір шығады. Бұл жақта шаналарын алып, көшеге ойнауға шығатын да бала аз екен. Өзім спортқа құштармын. Боксқа қатысқым келген. Бірақ мүмкіндік болмады. 9-сыныпты бітіргеннен кейін медреседе білімімді жалғастырғым келеді. Адамдарды ізгілікке шақыратын имам болсам деймін.

Хадиша: Көк көйлегін күнде тастамай киіп келеді деп қыздар мазақтайды. Бірақ амал жоқ. Басқа киімім болмағаннан кейін күнде киіп барамын. Менен кейін Сабина екеуміз қатар болғаннан кейін екеумізге бір киім, бір етік. Мен таңертең оқимын, ол түсте. Сосын мен келгенше Сабина күтіп отырады. Ол сабақтан кешігіп қалмасын деп жүгіріп жетемін. Бізге киім алып беруге ата-анамыздың ақшасы жоқ екенін білеміз. Сол үшін әрбір киімімізді ұқыпты, таза киюге тырысатынбыз. Бізді телеарнадан көрсеткеннен кейін қайырымды адамдар көп киім әкеліп берді. Енді сыныптағы қыздар мазақтамайтын шығар. Болашақта ата-анам мен бауырларыммен бірге мына суреттегідей үйде тұрғым келеді.

Сабина: Мектепте асханадан тегін ас ішеміз. Қазақ тілі мен математика пәндерін сүйіп оқимын. Кейін өскенде медбике боламын. Адамдарды емдеймін. Сіңлім Азизаның мектепке қатты барғысы келіп жүр. Оның жасы 5-те. Әлі мектепке жасы жеткен жоқ. Біз сабаққа кеткенде жылап қалады.

Кубра Жәлелханқызы, анасы: 29 жасымда тоғыз баланың анасы атанып, «Алтын алқаны» иелендім. Бірақ 8 жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүрміз. Балаларың көп, үйімізді бүлдіріп тастайсыңдар деп көбісі жолатпайды. Соңғы тұрған пәтеріміз құлайын деп тұрған екі бөлме еді. Едені шұрқ тесік. Айына 10 мың төледік. Көршілеріміз көп көмектесті. Бұған дейін қойдың, жылқының етін өмірімде алып көрмегенмін. Бір айда бір рет тауықтың аяғын аламын. Соны қайнатып, қолдан кішкентай қамыр салып беремін. Балалар айына бір рет соны жейді. Күйеуім Ахаттың көшеде етік тігіп, тауып келген тиын-тебені мен кішкентайыма алатын жәрдемақы ас-ауқаттан-ақ артылмайды. Сосын намыстың бәрін жиып қойып, жергілікті телеарнаға хабарласуыма тура келді. Бізді республикалық арналардан көрсетті. Қазір қалалық әкімдік пен атымтай жомарт азаматтар уақытша болса да баспана мәселесін шешіп берді. Үш бөлмелі. Жып-жылы. Барлық жиһаздары бар. Мейірімді адамдар көп екен. Бірі киім-кешек, бірі тамақ, бірі ыдыс-аяқ, бірі қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Балаларымның тамағы тоқ, киімдері бүтінделіп қалды. Атпал азаматтарға Алла разы болсын. Ұл-қыздарымның ұстаздары мен мектеп директорына да алғысым шексіз. Олар біздің жағдайды түсінеді. Ендігі арманым – баспана мәселесі түбегейлі шешілсе екен. Балаларыма қиындық көрсетпей, аман-есен, білімді, саналы азамат етіп өсірсем екен. Жаратушыдан соны тілеймін.

Иә, олар қымбат ұялы телефон ұстамайды. Олар жарқырап киінбейді. Олар тойып тамақ ішпейді. Бірақ сонда да бақытты. Осы күндеріне де шүкіршілік айтады.

Бар қиындық артта қаларына сенеді.

«Ұлан», №1-2. 14.01.2014

Фотосуреттер автордікі