Сүйінші, достар! Қазақ киносы тарихында тұңғыш рет балаларға арналған фантастикалық сериал дүниеге келді. «Томпақ» атты бұл сериалды «Балапан» арнасының тапсырысымен Шымкенттегі «Сақ» киностудиясы мен «Қазақстан аниматорлары ассоциациясы» бірігіп түсірген.

12 бөлімнен тұратын «Томпақ» сериалын түсіруге Батырхан Дәуренбеков (режиссер әрі сценарий авторы), Нуриддин Паттеев (директор), Фурхад Саипов (оператор), Руслан Шынықұлов (композитор), Бақытжан Құлжабай (сценарий авторы), Азамат Ерназаров (қоюшы-суретші) сынды ағаларың үлкен үлес қосты. Басты рөлдерді Арман Қасымбеков (Тасболат), Шымкент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Олжас Омаров (Есет), №80 жалпы орта мектептің 6-сынып оқушысы Рахым Ахметов (Берік), №68 жалпы орта мектептің 4-сынып оқушысы Жасмин Дәуренбекова (Жасмин) сынды жас әртістер сомдаған.

Сериал үш достың ауыл шетіне құлаған табақшадан ес-түссіз жатқан жатпланеталықты тауып алуынан басталады. Балалар өзара ойласып оған «Томпақ» деп ат қойып, иесіз үйге жасырады. Томпақтың арқасында үш дос оқуда да, спортта да үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Шым-шытырық, қиял ғажайып оқиғаларға толы сериалда басты рөлде ойнаған Арман мен Олжас өз ойларын ортаға салды.

Ұлан: «Томпақ» сериалына қалай бекітілдіңдер?

Арман: Мектепішілік концерттер мен іс-шараларды жиі жүргізетінмін. Бір концертте мені Батырхан Дәуренбеков аға байқап қалып, кастингте шақырды. Бардым. Айтқан тапсырмаларын бұлжытпай орындадым. 100-ге жуық баланың арасынан таңдап алды. Сөйтіп, ойда-жоқта Тасболаттың рөліне бекітілдім.

Олжас: Анам дүкеннен азық-түлік алып келуге жұмсаған. Сауда жасап тұрғанымда бір аға менен «Киноға түскің келе ме?» деп сұрады. Басымды изедім. Мекенжайын жазып берді қолыма. Сосын ертеңіне ата-анам әлгі аға айтқан жерге алып барды. Ашық-жарқын мінезім, «ақылды» тентектігім ұнаған болуы керек. «Есеттің рөлін ойнайсың» деді.

Ұлан: Киноға түскен қалай екен? Қызықты сәттер көп болды ма?

Арман: Ой, қызықтар көп! Түсірілім жүріп жатыр. Айдала. Бізге киногер ағалар: «Арттарыңа қарамаңдар. Тіке кете беріңдер. Тоқтайтын кезде өзіміз айтамыз» деді. Біз жүре бердік. «Бұйрық» берілмейді. Біраз жерді артқа тастадық. Сосын жайлап артымызға қарасақ, ешкім жоқ. Жан-жағымызға жалтақ-жалтақ қарап, кері қарай жүгірдік. Сөйтсек, біздің эмоциямызды байқап көру үшін жасырынып қалыпты.

Олжас: Бір күні күнбағыстың арасында түсірілім болды. Біздің бойымыз кішкентай. Бір-бірімізден адасып қалғанбыз. «Томпақтың» 1,2-ші сериясы «Балапаннан» берілгеннен кейін, ауладағы бір қыз: «Олжас, мен кинодан тура сенен айнымайтын бала көрдім. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі тура сенің көшірмең» деді. Кинодан көрген бала мен екенімді айтып әзер сендірдім.

Ұлан: Ал қандай қиындықтарға кезіктіңдер?

Арман: Киелі Қазығұрт тауының басына шықтық. Біріншісінде тура болмай, екінші рет көтерілуге тура келді. Аяғымыз талды. Дала тас қараңғы. Жылан, кесіртке аяқ астынан шығып қалар ма екен деп қорықтық. Ал Рамазан айында түсірілім кешке басталып, таңға дейін жалғасқан кездер болды. Ұйықтаған жоқпыз. Қазір де түнімен кезекте тұрып, дауыстарымызды жазамыз. Монтажға қатысамыз. «Оңтүстікфильмнің» ғимараты өз үйіміздей болып кетті. Ағалар «Шаршаған шығарсыңдар, үйлеріңе барып демалып келіңдер» дейді. Ал біздің қайтқымыз келмейді. Сериалды түсіруге атсалысқан ағаларға да, балаларға да бауыр басып қалдық.

Олжас: Басында біз апталап үй бетін көрмедік. Жақындарымыздың жанынан алысқа ұзап көрмеген баламыз ғой. Ата-анамызды сағынып үйге қайтқымыз келетін. Өзіме іштей «жігіттер жыламау керек» деп айтатынмын. Кейде жасқа толы жанарымды көрсеткім келмей, бұрылып кететінмін. Қазір үйрендім. Сосын түсірілім барысында камераға тура қарап қоятынмын. Мысы басатын. Екі-үш күн өткесін камерадан қорықпайтын болдым, өзімді еркін ұстауға тырысамын.

Ұлан: Бос уақыттарыңды қалай өткізесіңдер?

Арман: Мектептегі хор үйірмесіне қатысамын. Ұстазым Роза апайдың тәлімінің арқасында облыстық, республикалық ән байқауларынан алған жүлделерім бар.

Олжас: Домбыра үйірмесіне барып жүрмін. Күй шерткен ұнайды. Бұйыртса, вокалға жазыламын.

Ұлан: Қандай пәндер ұнайды?

Арман: Қазақ тілі мен математиканы сүйіп оқимын. Сериалдың жұмыстары әлі бітпегендіктен, бізді бір айға сабақтан босатқан. Түсіністік танытқан ұстаздарға алғысымыз шексіз. Енді жеке тапсырмалар алып, озып кеткен сыныптастарды қуып жетуіміз керек.

Олжас: Маған бейнелеу өнері мен дене шынықтыру ұнайды (күлді). Тарихқа қызығамын.

Нуриддин ПАТТЕЕВ, фильмнің директоры:

– Көптен бері балаларға кино мен анимацияны араластырып ерекше туынды ұсынғымыз келген. Сәуір айынан бастап «Балапан» телеарнасының тапсырысы аясында осы жобаны қолға алдық. Кастингке жүз шақты бала қатысты. Ал фильмнің бюджетіне келетін болсақ, өте төмен, айтуға ұят. Бірақ бізге қаражаттан гөрі, өскелең ұрпақтың қазақтың рухани байлығымен сусындап өскені маңызды. Әр бөлімде бір тақырыпты қамтып отыруға тырыстық. Фильмде Қажымұқанды,тарихтан сыр шертетін Отырартөбе мен Қазығұрт тауын және де Оңтүстік өлкенің әсем табиғатын көрсетеміз. Өркендеген Қазақстанды көрсетеміз. Біздің ұл-қыздарымыз дүниетанымдарына жат шетелдің туындыларын ысырып қойып, «Томпақ» сериалы арқылы өздеріне бір мағлұмат ала білсе, біздің мақсатымыздың орындалғаны.

P.S. Соңғы жылдары Шымкенттегі «Сақ», «Жебе» сынды киностудиялардың мультипликация саласына қосқан үлестері зор. Балалардың отансүйгіш, мейірімді, тату болып өсулері үшін қиындықтарға қарамай, кішкентай достарын алдағы уақытта да тосын сыйларымен қуанта бермек.

«Ұлан», №40, 08.10.2013