1989 жылы бірінші сыныпқа қабылдандым. Негізі мен қатты жарыққа, күнге тіке қарай алмаймын. Бірден көзім жасаурап сала береді.

Құжатқа суретке түсіретін кезінде фотограф ағай барлығымызды терезенің алдына отырғызып, содан түскен жарыққа қаратып түсірді. Менің «ауруым» басталды. Енді түсіре бергенде көзім жасаурап, басымды бұрамын. Қазіргідей сандық фотоаппарат жоқ. Пленкасының әр кадры санаулы. Қайта-қайта кадрын бүлдіріп, өзім де жөнді суретке түспеген соң, ақыры мені терезеге қаратып емес, терезенің босағасына, көлеңкелеу жаққа бұрып, бір қырыммен түсірген.

***

3-сыныпта оқып жүргенімде «Ұланнан», марқұм Әділ Балта ағамнан хат алдым. Конвертпен. «Тимур, әңгімең жақсы, бірақ сөйлемдерің шұбалаңқы екен. Жазып тұр» депті. «Тимур ініме» деген конверт сыртындағы жазу мен хат соңындағы «Құрметпен, Әділ Балта ағаң» деген сөздің өзі бір айдай масайратты мені.

***

1998 жылы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға түсу үшін ауылдан Ақтауға келдім. Қазіргі оқушылар 6-7 сыныпта Ақтауды жатқа білсе, мен 10-сыныпқа аяқ басқалы отырсам да анамның етегінен ұстап алғам. Сәл босатсам, адасып кететін сияқтымын. Емтиханды үздік тапсырып, мектепке қабылдандым. Бірақ үзілісте болашақ сыныптасымнан сабақтың таңертең 8:30-да басталып, сағат 4-ке жақын бітетінін естігенде, көзім шарасынан шыға жаздады. Ауылдағы мектепте 45 минут әрең шыдайтын мен, 90 минут қалай отырады екенмін деп ойлап, ауылға қайтып кеткім келген.

***

Орыс тілінен қатты қиналдым. «Моя школа» атты тақырыпта шығарма сайысы болып, барлығымызға бірдей жазу міндеттелгенде «Моя школа, моя! Моя и твоя!…» деп 4-5 шумақ өлең шығарғаным есімде. Сосын орыс әдебиетінен сабақ айтуды жек көретінмін. Түсінбесем, қалай аударамын. Жаттап та ала алмаймын. Өмірі орысша өлең жаттаған емеспін. Бір күні тақтаның алдында тұрғанда «опубликован» деген сөзді тілім келмей, айта алмағаным есіме түссе әлі күнге дейін ұялып кетемін.

***

Интернатта кешкі тамақты сағат 6-ларда береді. Онда да үкіметтің асханасы не жарытсын? Ауылда түнгі 11-12-де ет жеп үйренген қазақпыз ғой. Қарнымыз ашады. Шығайық десек, есік жабық. Кезекші апай отырады есіктің аузында. Сосын екінші қабаттың терезесінен беседканың трубасы арқылы секіріп түсіп, дүкеннен нан мен шұжық алып кеп жейтінбіз. Кейін іште макарон пісіріп жүрдік.

***

Бала кезімізде бізге үлкендеу киім кигізетін де, жеңімізді, балағымызды қайыра салатын. Ал ол бізге ұнамайтын. Бірақ оны бізден ешкім сұрап жатпайды. Амал жоқ, киесің. Сосын «Урал» велосипедінің рамасына аяғымыз жетпей, ортасынан кіріп, бір қырымызбен айдайтынбыз. «Монтана» спорткостюмі мен кроссовкасы менің өмірлік арманым еді. Ақыры қолым жетпей кетті. Жоғары сыныпта оқып жүргенде табанында «Жетісу» деген жазуы бар керзі етіктің қонышын тіліп, бау тағып, бәтеңкеге ұқсатып киіп алатынмын.

***

Домбыра сыныбына барып жүрген кезім. Айына 75 теңге төлейтінбіз. Нота дәптері деген ол кезде қат нәрсе болғандықтан, ақ параққа нота сызықтарын қолмен сызатынмын. Көктемде оншақты келі мыс жинап, соған киім сатып алғаным бар. Өз қолымызбен дермантиннен аяқ киім жасап, оған ескі бәтеңкенің табанын салып алатынбыз. Ең қызығы, сол кезде күйзеліске түскен бала, әке-шешеге бұлданған оқушы, өмірге ренжіген жеткіншек тіпті жоқ болатын.

«Ұлан», №50. 17.12.2013