Шымкенттік Алтынай Асиловамен әлеуметтік желіде танысып, жақынырақ араласқанымызға жылдан асты. Қаладағы «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде аспаз болып қызмет атқаратынын білгенім болмаса,

оның 2014 жылы қысқы Олимпиада кезінде Сочиде спортшылар мен қонақтарға тамақ әзірлегенінен хабарсыз екенмін. Жуырда Алтынай сонда өткен қызықты күндері мен достарын сағынып жүргенін айтып қалды. Ары қарай әсерлі әңгімеміз осы тақырыпта өрбіді.

– Алпыс адам Сочиге қараша айында табан тіредік. Қалың күртешемен барған біз қайнаған жазға топ етіп түстік. Ал екі сағаттан кейін «Красная Полянаға», яғни теңіз деңгейінен 940 метрлік биіктікке көтерілдік. Аз ғана уақыттың ішінде жаздан қысқа өтіп кеттік. Қалың қар. Айнала тұнған сұлулық. Сочи Олимпиадасына әлемнің 90-ға жуық елінен спортшылар келді. Демалуға келген қонақтарға, спортшыларға ас мәзірін әзірледік, Тоғыз ай бойы әр елден келген аспаздармен тәжірибе алмасып, тағамдардың түр-түрін шебер дайындауды меңгердік. Бұл менің өмірімдегі ең жарқын, ұмытылмас сәтке айналды, үлкен мектеп болды, – дейді жас аспаз.
Дәмі тіл үйірер тағам дайындаудан бөлек, арасында уақыт тауып Сочи Олимпиадасы кезінде еліміздің намысын қорғаған спортшыларға жанкүйер де болыпты. Шаңғымен тұғырдан секіру, биатлон сынды спорт түрлерін тамашалап, фристайл-акробатикадан сынға түскен Жібек Арапбаева бен Жанбота Алдабергенованың өнеріне қол соққан. Египеттен келген белгілі аспаз Ахмет Райдтан аспаздық өнердің қыры мен сырына қанығып, әлі күнге дейін әлеуметтік желі арқылы ақыл-кеңес сұраудан жалықпайды.
– Мен ең алдымен ыдыс-аяқ жуудан бастадым. Сосын қонақүйдің бөлмелерін жинастырдым. Қандай жұмыс атқарсам да, намыстанбай, үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырыстым. Қыз баласы кішкентайынан анасынан көргенін істеп, ас әзірлеуге ерте бастан араласады ғой. Мен де 6-сыныптан бастап ата-анам жұмыстан келгенінше кішкентай бауырларымның қарындарын тойдырып қоятынмын. Кейін түрлі тағам пісіруге аңсарым ауды. Әр аспаздың ас әзірлеу әдіс-тәсілдеріне жіті назар аудара бастадым. Осылайша, бұл кәсіптің биігіне шығуға талпынып жүрген жайым бар, – дейді Алтынай. 

Жұмысынан тыс бос уақытында Алтынай жекелеген тапсырыстар да қабылдайды. Салаттардың түр-түрін әзірлеп, мерекелік дастарханыңызды көз тартарлықтай әсемдеп, сәндеп береді. Алдағы уақытта түрлі ұлт асханасының тағамдарын дәмді етіп әзірлеуді үйреніп, жеке мейманхана ашу – оның арманы.

– Таза оймен, шынайы пейілмен, сүйіспеншілікпен жасалған тағам ғана көптің көңілінен шығады. Қазір бізге өзіміздің тұрғындармен қатар шетелден қонақтар да көп келеді. Біз ұсынған тағамнан дәм татқаннан кейін, мақтап, жылы сөз айтып жатады. Сол кезде мерейіміз өсіп, іштей қуанып қаламыз. Түсінгенім, аспаз бәрін ішкі түйсігімен сезуі тиіс. Икемің, қызығушылығың болмаса, бұл кәсіп саған «есігін» ашпайды, – дейді ол. 

Кей аспаздар тағамның дайындалу тәсілімен бөліскенде бәрібір құрамындағы бір затын кем айтады. Ал Алтынай бар білгенін бөлісуден тартынбайды. Өйткені өзі де аспаздықтың оқуын оқымай, өзгелердің қасында жүріп, сан сауал қойып, құпиясына қаныққан. Алтынайды Қырым мен Түркия елдеріндегі мейрамхана ұжымы тәжірибе алмасуға шақырып, ұсыныс жіберіпті.

– Адам жас кезінде ізденуден, оқып-тоқудан, үйренуден жалықпағаны жөн. Бірнеше айға барып, білімімді жетілдіріп қайтқым келеді. Сосын сүйікті қалама оралып, мейрамхана мәдениетінің дамуына үлес қосамын, – дейді жас аспаз.

«Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газеті

Фотосурет Алтынай Асилованың жеке фотомұрағатынан алынды