Біздің арамызда батыл, қиындықтан қорықпайтын қайсар балалар өте көп. Біз олардың ерлігін әркез өзгелерге үлгі етіп, жариялап келеміз. Шымкенттегі №58 мектептің 9-сынып оқушысы Шымыр Полатов та – ержүрек балалардың бірі.

Ол жақында қала іргесіндегі «Қайтпас-1» шағынауданында орын алған оқыс оқиғада бір жарым жасар сәбиді ажал тырнағынан арашалап қалды. Қалай дейсіңдер ғой? Сол күнгі жантүршігерлік жайтты Дінмұхамедтің әкесі Асқар аға былай деп еске алады:

«Аула сыртынан қаздырған септиктің тереңдігі – 5-6 метр. Аузы тар, қақпағы жабулы болатын үнемі. Сол күні арнайы сорғыш көлік кеп тазартып кететін болғасын қақпағын ашып, жұмысқа кеткенмін. 5-сыныпта оқитын қызым Димашты далада ойнатып жүріп, қоқыс пен қалдық су жиналатын шұңқырға жақындап қалғанын байқамай қалса керек. Аяғын енді апыл-тапыл басып жүрген ұлым тесіктен ішке құлап кеткен. Жансая жанұшыра үйге жүгірген. Алаңсыз үй шаруасымен айналысып жүрген анасы естіп есінен танған. Атасы орнынан тұра алмай қалған. Әжесі көршілерді көмекке шақыруға жүгірген».

Ағасының үйіне қыдырып келген Шымыр болған жайтты естігесін бүлдіршінді құтқаруға асығады. Ағасы Ораз Шымырдың аяғынан мықтап ұстап тұрып, тар тесіктен төмен қарай сүңгітеді. Қалың нәжісті қолымен сырып, шұңқырдың ішін ары-бері «сүзеді». Сәби қолына ілікпейді. Сасық иіске тұншығып бара жатқасын сыртқа шығып, ауа жұтып алып тағы да «тінтеді». Бұл жолы Шымыр сыртқа кішкентай Димашты алып шығыпты. Сәбидің періштесі қаққан болар, шұңқыр ішінде 5 минуттан көп қалып қойған бүлдіршін су жұтпапты. Жедел-жәрдем көлігімен «Нұрсәт» шағынауданындағы балалар ауруханасына жеткізіліп, екі апта ем қабылдайды.

Асқар аға лас судан жиренбей Димашты бір қатерден аман алып қалған Шымырдың ата-анасына алғыс айтып, ризашылығын жеткізіпті. Қаршадай баланың қайсарлығына сүйсініп, №58 мектепке арнайы барып Шымырмен біз де жолықтық. Қарапайым, спортты жанына серік еткен Шымыр: «Ерлік жасап, көзге түсейін дегенім жоқ. Өзімнің де кішкентай бауырларым бар. Менің орнымда болған кез келген адам осындай қадамға барады деп ойлаймын», – деп жылы жымиды. Мектеп ұжымы шәкірттерінің ерлігін мектеп оқушыларына үлгі етіп, еліміздің «Жас патриоты» деп танып, арнайы мақтау қағазымен марапаттады. Кейде үлкен адамдардың өздері жасай алмайтын ерлікті Шымыр секілді ұл-қыздар жасап жатады. Мақтанасың. Марқаясың осыған.

«Ұлан», №41, 15.10.2013