«Наурыз-пластик» ойыншық зауытының өнімдері бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысына ғана емес, Алматы, Астана, Қарағанды, Орал мен Ақтөбе қалаларындағы сауда сөресі мен базар жаймасында самсап тұр.

Екі жыл ішінде шымкенттік Байтеміровтер отбасы осылайша істің көзін тауып, цехтың жұмысын жолға қойды. «Ордабасы» индустриалды аймағында орын тепкен ойыншық зауытының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Зауыт басшысы Рабиға Байтемірова 2005 жылдан бастап Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен Шымкентке ойыншық әкеліп сатумен айналысқан. Он жыл сауданың қыр-сырын меңгерген ол «неге біз өзіміз ойыншық шығара алмаймыз, неге зауыт ашпаймыз?» деген ойға бекиді. 9 сыныптан бастап білімін Қытайда жалғастырған ұлы Наурызбек бұл кезде Хон-жоу қаласында университетте оқып жатқан. Сабағын дайындап болған соң, ойыншық зауытына асығатын. Қосымша жұмыс істеп жүріп, қытайлардан ойыншық жасаудың тәсілдерін үйренді. Тіпті шығаратын аппараттың  тілін тауып, істен шықса жөндеп те қоятын болды. Елгезек, қағілез Наурызбек Қытайдан білім ғана алып қоймай, мол тәжірибемен оралды. Ата-анасын ойыншық зауытын ашуға көндірген де өзі.

– Басында қалай болар екен деп тәуекел етуге қорыққанымыз рас. Ұлым қолымыздан келетінін айтып сендірді. Қытай зауыттарында ойыншықтың қалай шығарылып жатқанын видеоға түсіріп, жолдайтын. Сосын ізденіп, жақын адамдарымызбен кеңесіп, ойыншық шығаратын кәсіпорын ашуға тәуекел еттік. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 10 миллион теңгеден астам несие алдық. Өзіміздің бар жиған-тергенімізді алып, Қытайдан арнайы қондырғылар сатып әкелдік. Сөйтіп басында үш желіні іске қостық,– дейді Рабиға Байтемірова.

Құрал-жабдықтар мен қажетті шикізатқа қол жеткізгенімен, отбасы көп кедергіге тап болды. Өйткені, Қазақстанда техниканың тілін түсініп, ұғатын маман тапшы еді. Ойыншықтың бір бөлшегі дұрыс шықпайды. Қондырғы тоқтап қалады. Компьютер жыпырлаған қатені көрсетеді. Ал, оны жөндейтін адам жоқ. Наурызбек бар білгенімен тек телефон, ғаламтор арқылы ғана бөлісе алады. Содан кейін жұбайы Шухрат аға да Қытайға аттанып, екі қалада білімін жетілдіріп, үйреніп қайтады.

– Ойыншықтың сапалы, үйлесімді шығуы технологтың бағдарламасына байланысты. Компьютер бағдарламаларын жетік біліп, температура, уақыт жиілігі мен қоспа мөлшерін дұрыс, дәл қоя білуің керек. Сонда ғана ойыншықтың бөлшегі дұрыс шығады. Ал бір нәрседен қате жіберсең, бүкіл еңбегің зая кетеді, – дейді Шухрат аға.

Қытайдан келген соң, зауыттағы жұмысшыларға оқып-тоқығанын жалықпай үйретеді. Бүгінде олардың бәрі ойыншық шығаруға әбден төселген.

– Менің міндетім – ойыншық бөлшектерін жинап, құрастыру. Бұл жерде цех ашылғалы бері еңбек етемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Қазір тұтынушылар біздің ойыншыққа кезекте тұр. Өйткені шикізаттың ең таза сұрпын пайдаланамыз. Бала денсаулығына қауіпсіз. Оның үстіне ойыншықтар ұзақ уақытқа дейін жарамды. Сынбайды,– дейді зауыт қызметкері Жанар Мәуленова.

Бүгінде цехта 14 түрлі ойыншық шығарылады. «МАК» маркалы ойыншық жүк көліктері 400-1100 теңге аралығында, ал балалардың өздері отырып, басқаруға лайықталған музыкалық құрылғылары бар ойыншық көліктер 2800-3200 теңге аралығында сатылып жатыр. «Лего» (шелектегі ойыншықтар) құрастырмалы ойыншықтардың ең арзаны 300 теңгеден басталып, көлеміне қарай бағасы да өседі.

Байтеміровтер отбасының ендігі арманы – болашақта бала өздігінен айдайтын, пультпен басқарылатын көлемді көліктер мен сәбиге жүруді үйрететін ойыншықтар шығару. Олар сол ойын іске асыру мақсатында жуырда Қытайдан тағы да сегіз қондырғы алдыртты. Бұдан бөлек, жуырда мемлекет тарапынан жер берілді. Енді «Оңтүстік» индустриалды аймағынан жаңа ойыншық зауыты бой көтеретін болады.  

– Қытайда алты мыңнан астам ойыншық шығаратын кәсіпорын бар екен. Ол жақта мамандар бала психологиясын, өзгерістерді жіті қадағалап отырады.  Айталық, дәл қазір бір мультфильм немесе кино кейіпкері, балалардың қызығушылығын тудырса, ертеңіне оны дереу ойыншыққа айналдырып, нарыққа шығарады.

Бүгінде Шымкентте тағы бір «Baby Plast» атты ойыншық цехы бар. Қатарымыздың көбейгені қуантады. Сапа артады. Бәсекелестік пайда болады. Өйткені біздің ойыншық нарығы бос тұр. Тұтынушылардың тілегін орындап үлгере алмайтын кездеріміз болады. Себебі, еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, ойыншыққа тапсырыс беретіндер көп. Тіпті кезекте тұр. Егер отандық өнім көбейсе, Қытайдан, Өзбекстаннан, өзге де елдерден ағылған сапасыз ойыншықтардың қатары азаяр еді.  Сондай-ақ, сөз соңында ойыншық цехының аяқтан тұруына қолдау көрсеткен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысымызды білдіргіміз келеді, – дейді Наурызбек.

El.kz

Фотосуреттер автордікі