Цирк өнері – ерекше өнер. Онда қызмет ететіндер де ерекше жандар. Күн сайын қаншама қиындықпен бетпе-бет келеді. Тынымсыз дайындалады.

 

Көзқарасымен-ақ азулы аңдарды қастарына шырқ үйіреді. Кішіге де, үлкенге де қуаныш сыйлайды. Шаршамайды. Елімізде үшінші цирк Шымкентте жұмысын бастаған. Бұдан екі жыл бұрын. Аз ғана уақыт. Бірақ осы уақыт ішінде мыңдаған бүлдіршінді ғажайып әлемге жетеледі. Қиялдарына қанат бітірді.

153 қызметкер жұмыс жасайтын үлкен ұжым. Цирктің директоры Сұлтан Срайлов Астанаға ауысып орнына«Қазығұртфильм» киностудиясының жетекшісі, продюсер, режиссер Сәбит Әбдіхалықов ағаларың келген жақында. «Оңтүстік-Цирктің» тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында бас сұққан едік…

«ҚАРАЖОРҒАҒА» БИЛЕЙТІН ҚОНЖЫҚТАР

Мойнақ, Маймақ, Жайнақ. Бұл қонжықтарды Шымкент зообағы сыйға тартқан. Үшеуі туылғандарына небәрі үш ай толғанда аренаға шығып «Қара жорғаға» билеген. Қонжықтар туылысымен оларды Асат есімді жігіт күтіп-бағып келеді. «Өзіме бауыр басу үшін қонжықтармен бір ай бойы бірге түнеп, тамақ беріп, балаша қарауға тура келді. Үйренді. Қарны ашса бетімді жалап, соңымнан қалмайды. Ерке. Күнделікті жеміс-жидек, ботқа, тәтті нан жейді. Сусабынмен шомылады. Қонжықтарды екі аяғымен тұруды, айналуды, билеуді үйретудің өзіне бір жылдан аса уақыт қажет. Және де оларды өз айтқаныңмен жүргізу оңай емес. Күніне екі рет үш-төрт сағаттан дайындаламыз. Кейде қастарында қонып та қаламын» – дейді ол. Сондай-ақ, Шымкент зообағының сыйға тартқан Назым және Надим атты арыстандар да дөңгелек темір ішіндегі оттан қарғиды.

ЕҢ ЖАС ЦИРК ӘРТІСІНІҢ ЖАСЫ ТОҒЫЗДА

Марктің жасы – бар-жоғы тоғызда. Бірақ ол сабақтан соң циркке асығады. Ол бұл жерде жасы үлкен аға-апаларымен бірдей жұмыс істейді. Бірдей жалақы алады. «Әкем Сергей, анам Гузель және әпкем Сабина осында қызмет атқарады. Көзімізді ашқалы көргеніміз ата-анамыздың дайындығы болғандықтан, менің де цирк әртісі болғым келді. Мұнда өнер көрсету үшін батылдық, үлкен жүрек керек. Қиын трюктерді орындауға шығар кезде, әрине, бойымды қорқыныш билейді. Жеңуге тырысамын. Екі адамның үстіне шығып, 5 метр биіктікте өнер көрсетемін. Мұндай қойылым әлемде екі-ақ циркте бар. Біз үшін-ші болып қойып отырмыз. Бұл – біздің жетістігіміз» – дейді.

ТІСІМЕН КӨЛІК СҮЙРЕЙДІ

Бақтияр Түйебаев ағаларың да білекті. Және жүректі. Зілбатпан кір тастарын бірінен кейін бірін допша лақтырады. 2 тоннаға жуық көлікті тісімен сүйрету де түк те емес. «Мен 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Айнатас ауылында дүниеге келдім», – дейді Бақтияр ағаларың. «Мектепті тәмамдаған соң, Оралда, одан кейін Астанада жұмыс істедім. Бір күні Астанадағы циркте жұмыс істейтін туысқан ағам жанына жұмысқа шақырды. Бардым. Бастапқыда менде циркке деген қызығушылық болған жоқ. Аңдарға күтім жасайтынмын. Бір күні «Азия жаңғырығы» атты фестиваль өтті. Сол күннен бастап «Циркте өнер көрсету менің де қолымнан келеді» дедім. Өз бетімше жаттыға бастадым. Бастапқыда қиын болды. Бірақ талмай жаттығу жасаудың арқасында биік нәтижеге қол жеткізуге болатынын ұқтым» дейді. Бақтияр ағаларыңның ендігі арманы – жерге жатып, үстінен жеңіл көлікті ары-бері өткізу. Сондай-ақ, ұзындығы төрт метр болатын құбырды маңдайына тіреп, оған салмағы 70 килограмдық адамды жоғары өрмелетіп шығару. Оңтүстікте ешкім жасап көрмеген осы трюктарды көрермен назарына ұсыну үшін тынымсыз еңбек етуде қазір.

ТҮЛЕКТЕР ТЕГІН ОҚИДЫ

Циркте жұмыс жасағысы келетін жас талапкерлерге де жас ұжым жан-жақты мүмкіндік беріп отыр. Былтырғы жылы сыннан сүрінбей өткен 5 жас Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінде білім алуға мүмкіндік алды. Олар 3 жыл 10 ай бойы цирк майталмандарынан дәріс алып, шеберліктерін шыңдайды. Және де жылына 2 рет келіп «Оңтүстік-циркте» іс-тәжірибеден өтеді. Қолдарына диплом алған соң оларға жұмыс дайын. Сондай-ақ, жаңа әртістер қабылдауға байқау жүріп жатыр. Акробатика, ат үстінде еркін өнер көрсете алатын қыз-жігіттерді сынақтан өткізуде. Алдыңғы аптада талапты 5 жас жұмысқа қабылданды. Цирк аренасында өнер көрсеткілерің келсе, бойларыңдағы қорқынышты серпіп тастап, сыннан өтуге болады. Әрқашан цирктің есігі ашық.

ЦИРККЕ «ТОМПАҚ» КЕЛЕДІ

«Алдағы уақытта цирктің ішіне джунгли орнату ойымызда бар. Азия, Африка елдерінен өнер ұжымдарын шақырамыз. Яғни, джунглидің ішінен Тарзандар, Мауглилер шығып қалуы мүмкін. Сондай-ақ, балалардың сүйікті сериалдарына айналған «Томпақ» сериалындағы Томпақтың да бейнесін циркке алып келіп, балаларға тосын сый жасамақшымыз. 5 жылқы алдық. Жақында сынақтан өткен 5 жас жылқылардың үстінде өнер көрсетуге дайындалып, нөмірлерін жаздағы қойылымда алып шығады», – дейді директордың орынбасары Баян Елеусізқызы.

Цирк қызметкерлері бір қойылымды дайындап шығару үшін кемінде 1-2 жыл тер төгеді екен. Еңбектері ерен бәрінің. Төзімдері түгесілмесін.

«Ұлан», №4. 28.01.2014