– Шүкір аға, фотография саласына қалай келдіңіз?

– Ауылдағы Айыпхан деген досымның ағасының фотоаппараты бар еді. 6-7 сыныптарда сурет шығарысып, үйлерінен шықпайтынмын. Кейін әкем «ФЭД-5» маркалы жаңа фотоаппарат алып бердi.

Озат оқыдым. Мектеп бітіргесін ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiне құжат тапсырып едім, бірақ емтиханынан құлап қалдым. Ауылға қайтып, Мақтарал аудандық «Коммунистiк еңбек» газетiне жұмысқа орналастым. Алғашқы ұстазым – Мұхаметәлi Бегәлиев аға. Ол фототілші болып істейтін. Одан кейінгі жылы да оқуға түсе алмадым. Ауылға қайтпай, Алматы жеңiл өнеркәсiп техникумының фототехника бөлiмiне тапсырып, түсіп кеттім. Тобымызда жалғыз қазақ болдым. Кілең орыстың балалары оқитын. Солардан қалмау үшін тырыстым. Студент кездің өзінде-ақ Оқушылар сарайында «Жас натуралистер» үйiрмесiнде тәлiмгер болдым. Оқу бiтiрген жылы жаңа ашылған «Халық кеңесi» газетіне жұмысқа кірдім. Сосын 23 жасымда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы Шерхан Мұртаза аға өздеріне фототілшілікке жұмысқа шақырды. Фотоөнерде қандай да бiр жетiстiкке жетсем, ең алдымен, Шерағама қарыздармын.
– Ал Премьер-министрдің фотографы болып жұмысқа қалай тұрдыңыз?
– 2002 жылдары «Түркiстан» газетiнiң фототiлшiсі болып жүргем ғой. Үкiмет басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың көмекшiсi «Бiзбен бiрге ЕурАзЭҚ-тiң жиынына барасың» дедi. Ұшақта кетiп бара жатқанда Иманғали Нұрғалиұлы қызметке шақырды. Келістім. Міне, сол жылдың 4 сәуірінен бастап, күні бүгінге дейін осы қызметті атқарып келемін.
– Премьер-министрдің фотографы болудың талабы да оңай емес шығар?
–Қырағылық, жылдамдық, сабырлық керек алдымен. Иманғали Нұрғалиұлымен 1 жыл 4 ай, Даниал Ахметовпен 3 жыл 8 ай, Кәрім Мәсімовпен 5 жыл 8 ай, Серік Ахметовпен 1 жыл 6 ай бірге жұмыс істедім. Кәрім Қажымұқанұлының орынтағына қайта жайғасқанына 9 ай болды. Бiздiң Премьер-министрлердiң қай қайсысын алсаңыз да, қай қырынан түсірсеңіз де суретте әдемі болып шығады.
– Қазір Кәрім Мәсімовті қандай фотоаппаратпен түсіресіз? Құпия болмаса құрал-саймандарымен қосқанда бағасы қанша тұрады?
– Бiр сапарда Имекең фотоаппаратымды сұрады. Онша емес екенін айттым. Өтініш жазғызды. Сөйтті де алғашқы сандық техника «Canon Мark-3» маркалы фотоаппаратын сатып алып берді. 2011 жылы ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында Кәрiм Мәсiмов жан-жақты жетiлдiрiлген жаңа фотоаппаратты тағы алғызды. Қазір Canon EOS-1D деген фотоаппарат ұстап жүрмін. Асай-мүсейлерімен қосқанда 25 мың АҚШ долларына жуықтайды.
– Жылына 400 мың кадр түсіреді екенсіз. Оларды қайда, қалай сақтайсыз?
– «Егемен Қазақстан» газетiнде жүргенiмде жылына екi мың кадрдың негативiн Орталық мемлекеттiк мұрағатқа тапсыратынбыз. Кейiн сол үрдiс жойылды. Қазір сандық фотолар архиваторда, үлкен гигабайтты харттарда, дискілерде сақталады.
– Суреттеріңіз жиі ұрланады ма?
– Жиі ұрланатыны рас. Кітаптарда, басылым беттерінде жүреді. Тіпті Шымкенттің көшелерінде билборд болып ілініп тұрғанын да көрдім. Осындай «ұрлықшыларға» тосқауыл болсын деп суреттерімнің бір-бір данасын шығарып, түбін түптеп, Әділет министрлігіне апарып, тіркеттім. Бұл суреттерім мен өмірден озғаннан кейін 70 жылға дейін жекеменшігім болып саналады. Кейін ұрпағыма мұраға қалады. Енді суреттерім қолды болса меншік иесі ретінде сотқа шағымдануыма болады.
– Сіз үшін ең құнды, қымбат суретіңіз қайсы?
– Әрбір суретім қымбат. Бірақ бөліп-жарып Ту мен Елтаңба қабылданған тарихи сәтте түсірген суреттерімді айтсам болады. 1992 жыл. Маусымның 4-i күнi «Рәміздер бүгiн қабылданып қалса, маңызды сәтті жіберіп алармын» деген оймен Үкімет үйін айналшықтап жүрдім. Негізі тудың алғашқы нұсқасы мүлдем басқаша болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол күнi Туда бейнеленген күн мен қыранды ортаға ысыртты. Тудың шетiндегi оюды қошқармүйiзге ауыстыртқызды. Қызық айтайын, келіншегім перзентханада болды да, бір жастан асқан қызымды қарайтын адам болмай, өзiммен бiрге Парламент Үйiне ала келгенмін. Сөйттім де қызымды асханадағы келiншектерге қалдырып, бас-көз болуларын өтіндім. Ол бәріміздің есімізді шығарды. Асхана мен мәжiлiс залдың ортасында жүгiрiп жүрiп, мемлекеттiк рәмiздi қабылдаған сәттi түсiрiп алғаным Жаратушының маған сыйлаған тамаша сыйы деп білемін.
– Алматыда, Астанада жеке фотокөрмелеріңіз өтіп, альбомдарыңыздың тұсауы кесіліп жатқанын естіп жатамыз. Туған өлкеңіз Оңтүстікте қашан өткізесіз?
– Бұдан бір-екі жыл бұрын ел ісіне араласып жүрген Оңтүстіктегі жігіттерге айтқан едім. Бірақ кейін олар хабарсыз кетті. Өзімнің де қат-қабат шаруаларыммен қолым босамай қалды. 150 фотосуретімді Түркістандағы мұражайға өткізсем деймін. Ол суреттер рамкаға салынып, сарайымда тұр әзірге. Бұйыртса, апарып тапсырып, Оңтүстікте де тәуелсіздіктен сыр шертетін фотокөрмемді ұйымдастырғым келеді.
– Қазақ фотографтарының еңбегі лайықты бағасын алып жүр ме?
– Бағаланбайды. Марқұм Сиез Бәсібеков, Рахымбай Ханалиев, Қайрат Мұстафин, Сайлау Пернебаевтардың үйлерінде құнды мұралар қоғамға керексіз болып жатыр. Фототілшілерге екінші сұрыптағы адам ретінде қарайтыны жасырын емес. Қуанатыным, iзiмiзден ерiп келе жатқан жас жiгiттер тынымсыз, ізденімпаз. Сурет өңдейтін бағдарламалардың жаңа нұсқасы шықса дереу үйреніп ала қояды. Қолдарындағы фотоаппараттары да мықты. Кiмдi және ненi басты кадр етiп алуды бiледi. Қазір газетті ашқанда ондағы ракурс пен көрiнiске қарап-ақ бұл суреттi түсiрген қандай фотограф екенiн біле қоясың. Суреттеріне қарап көзің тояды. Ішің жылиды.
– Мүмкін, жастар тәжірибе жинау үшін, сіздердің кездеріңіздегідей фотографтардың басын қосатын фотолаборатория қазір де керек шығар? 
– Біз – газеттің фототілшілері Нұрғожа Жұбанов, Дендербай Егiзов, Сиез Бәсiбеков, Рахымбай Ханалиев, Нұрмамбет Қизатов, Зейнел Үйсiнбаев, Асылхан Әбдiрайым, Қайрат Мұстафин бәріміз суреттерiмiздi Алматыдағы «Дәуiр» баспа үйiндегi ортақ лабораториядан шығаратынбыз. Бір-біріміздің қателіктерімізден сабақ алатынбыз. Жақсы сурет түсірсе, өзіміз түсіргендей қуанатынбыз. Бір сөзбен айтқанда фотолаборатория біздің ортақ қазанымыз едi. Көп өтпей лабораториямыз жабылды. Әрине, улап-шулап, қазандай қайнап жататын сол күндерді, фотолабороторияны сағынасың. Бірақ қазір технология күн санап дамуда. Фотоаппараттардың жаңа нұсқалары шығуда. Жастар өсіп келеді. Екі жыл бұрын Алматыда еліміздегі қазақ фотографтарының басын қосатын «Фотоөнер» атты қоғамдық бірлестік құрылған. Төрағасы белгілі фотограф, «Жас алаш» газетінің фототілшісі — Асылхан Әбдірайымұлы. Негізгі мақсаты – қазақ фотоөнерінің дамуына үлес қосу, тәжірибе алмасу, жас фотографтарға бағыт-бағдар беру. Ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта фотолабороторияның орнын «Фотоөнер» басады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

«Оңтүстік Рабат» қоғамдық-саяси газеті

Фотосуреттер Шүкір Шахайдың жекефотомұрағатынан алынды