Шымкенттің «Самал» автовокзалында тұрмын. Бағытым – Шәуілдір, Отырартөбе. Білгенім, әр екі-үш сағат сайын Шәуілдірге жолаушы тасымалдайтын «Hundai Starex» автокөліктері қатынайды екен. Жолақысы – 700 теңге.

Алғашқы көлік сағат 9.30-да орнынан қозғалды. Шамамен 3 сағатқа жетер-жетпес уақыт өткенде Отырар ауданының орталығы Шәуілдірге жеттік.

47-031

Автобекетте тұрған таксист ағаларға 200 теңге төлесеңіз, Отырартөбеге жеткізіп тастайды. Арасы 9 шақырым. 15-20 минутта жетіп барасыз. Талапты деген ауылдың маңында орын тепкен екен.

Мені «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық мұражайында әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін Алмас Жұмабаев есімді аға күтіп алды. Алдымен мұражайды аралап шықтық. Мұндағы экспонаттардың дені Отырартөбеден табылған.

47-030

Сосын тарихи мекенге тарттық.

Қақпадан қарсы алған Бауыржан Камалов аға жол бастады. Ол 3 жылдан бері алыс-жақын аймақтан келген қонақтарға Отырардың тарихын таныстырады.

– Отырардағы алғашқы қала қонысы біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырға жатады» – деп әңгімесін бастады. – 737-748 жылдары Қаңлы-Тарабанды арабтар жаулап алып, билік соларға өтеді. Араб үстемдігі кезеңінде ғылым мен мәдениеттің орталығына айналады. Қарахандар әулеті билік құрған XI-XIII ғасыр аралығында қала қарқынды дамиды, гүлденеді. Сосын Хорезм мемлекетінің құрамына кіреді. 1219 жылы Қайыр хан бастаған қала тұрғындары Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы бастаған моңғол әскерлерінен 6 ай бойы Отырарды қорғады. Бірақ Қарашоқы есімді сатқын моңғолдарға қала қақпасын ашып береді. Отырар қиратылып, біраз уақытқа құлдырап кетеді. ХІІ ғасырдың ортасында қайтадан ірі сауда орталығына айналады. Әмір Темірдің кезінде жаңадан салынады. 1405 жылы Отырар сарайларының бірінде Әмір Темір көз жұмады. Отырардағы өмір XVIII ғасырдың ортасына дейін жалғасады, – дейді Бауыржан Камалов.

АЛМАС ЖҰМАБАЕВ, «ОТЫРАР» МЕМЛЕКЕТТІК АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРЫҚ МҰРАЖАЙЫ, ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

– БІЗДІҢ МҰРАЖАЙДАН ОТЫРАР ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ БІРНЕШЕ ҚАЛАЛАР МЕН ҚАЛАШЫҚТАРДАН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ БАРЫСЫНДА ТАБЫЛҒАН І-ХVІІІ ҒҒ. АРАЛЫҒЫН ҚАМТИТЫН САЗДАН КҮЙДІРІЛІП ЖАСАЛЫНҒАН ТҰРМЫСТЫҚ ЗАТТАР – ҚҰМЫРА, ТАБАҚ, КӨЗЕ, САПТЫ АЯҚ, ОРТА КЕСЕ, МАЙШАМ, СИЯ САУЫТ, ӘСЕМ ҒИМАРАТТАРДЫ БЕЗЕНДІРУГЕ АРНАЛҒАН СЫРЛЫ ЖАПСЫРМА ҚЫШТАР ЖӘНЕ Т.Б ЭКСПОНАТТАРДЫ ТАМАШАЛАУҒА БОЛАДЫ. СОНДАЙ-АҚ, АЛТЫННАН ЖАСАЛҒАН ҚҰТЫ, АЛТЫН ҚҰЙМА, ҚОЛАДАН ЖАСАЛҒАН КЕЛІ, ТҰҒЫР, МАЙШАМ, ТҰМАРШАЛАР, КҮМІС, АЛТЫН, МЫС-ТАН СОҒЫЛҒАН ТЕҢГЕЛЕР, ТЕМІРДЕН ЖАСАЛҒАН ЖЕБЕ ҰШТАРЫ, ШЫНЫДАН ЖАСАЛҒАН БҰЙЫМДАР КЕЛУШІЛЕРДІҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ТУДЫРАДЫ.

Отырардағы алғашқы қазба жұмыстарын 1904 жылы түркістандық археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері А.К. Кларе мен А.А. Черкасов жүргізген екен.

1991 жылдан бері қазба жұмыстарын К.М.Байпақов басқарады. 2001 жылы ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония бастауымен «Ежелгі Отырар қалажұртын консервациялау және сақтау» Қорының халықаралық жобасы жұмысын бастады.

47-034

Жоба барысында Отырар қаласының орнында аршылған тарихи орындарды қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Соның нәтижесінде XIV ғасырдың жұма мешіті, XVI ғасырдың тұрғын үй орамы, XI-XII ғасырлардағы тұрғын жайлар, қабырғалар, орталық қақпа қайта келтіріліп, ХІV-ХV ғ.ғ. моншасы мен қолөнершілер шеберханасы орамының үсті жабылыпты.

Жазда ҚР Премьер-министрінің сол кездегі орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және облыс әкімі Асқар Мырзахметов аралап көріп, Отырартөбеге заманауи талаптарға сай келетін жаңа үлгідегі қор сақтайтын мұражайды салу керектігін айтыпты. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқан көрінеді.

47-032

Бауыржан ағаның айтуынша, Отырартөбеге жыл сайын 12-13 мың адам ат басын бұрады екен. Өткен айдың өзінде 2,5 мың адам келіпті.

5-сыныпта «Әдебиет» пәнінен Мұхтар Шаханов ағамыздың «Отырар» поэмасын қызыға оқыған едік ғой. Отырартөбені аралап жүргенде 6 ай бойы қорғаған өр халық, Қайырхан, қақпаны ашып берген Қарашоқының бейнесі мен кескілескен шайқас келді. Бұл төбе талай жанның көз жасы мен қанын жастанып жатыр.

47-033

Бір күнімізді арнап, даңқты Отырартөбені аралап, суретке түсіріп, қайтадан Шымкентке қарай жолға шықтық. Артта талай сырды ішіне бүккен төбелер қалып барады. Ал сіз Отырартөбеге барып көргенсіз бе?

«Оңтүстік Рабат» қоғамдық-саяси газеті

Фотосуреттер автордікі