Гиперреализм – бейнеленген заттың сырт көз аңғара бермейтін тұстарын сол қалпында суреттелуін немесе адамның әр тал шашынан бастап, әр  қыртысына дейін айна-қатесіз сомдалуын  талап ететін ағым.

Бұл салада қызмет ететіндер еліміз түгілі, ТМД аумағында саусақпен санарлық. Ал Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын игерген Айдос Есмағанбетов қиын болса да, осы саланы дамытуды қолға алыпты. Сурет салуға деген қабілеті әкесі Әкімғали Есмағанбетовтен дарыған болуы керек. Бастауыш сыныптарда оқып жүргенде-ақ атақты суретші болуды армандайтын Айдос қазір Арқалық қаласының шетіндегі Ашутас ауылында тұрып жатыр.

АҚШ-тың Президенті Барак Обаманың балауыздан жасаған мүсінін теледидардан көріп, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың кескін-келбетін сомдауды ұйғарады Айдос. Бірақ балауыздан емес, силиконнан. Бір жылдай уақытын сарп еткен ол президенттің мүсінін сәтті сомдап шығады. Бірақ біраз жердің табалдырығын тоздырып, авторлық құқық ала алмай сабылды. «Президенттің мұражайына тұңғыш жұмысымды өткізем» деген арманы орындалған жоқ. Өйткені, оған арнайы сараптама жасалу керек, жинайтын құжаттары тағы бар.Сондықтан  ол мүсін бүгінде Алматы қаласындағы Орталық мұражайда тұр. «Жәдігерлер қатарына тұсаукесері өткізілгеннен кейін ғана қосылады» делінген. «Әлі хабар жоқ» дейді Айдос.

Сосын белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің кеңесімен, Абылай ханның 300 жылдығына орай хан бабаға арнап мүсін жасауды бастайды. Жарты жылда жұмысын сәтті аяқтап шықты. Абылай хан мен екінші рет бейнелеген елбасының мүсіні қазір үйінің бір бұрышында тұр. Бұл өнерге жанашырлық танытатын жандар табылмаған соң, Айдос өзі салған картиналарын сатып, өзіне қажетті материалдарды сатып алуға мәжбүр.

Силиконды Германиядан арнайы тапсырыспен алдырады. Бір мүсінге шамамен 10 келі силикон жұмсалады екен.  Оның сыртында полиэстер, шыны талшықтары (стекловолокна), т.б. қажетті материалдар мен мүсіннің үстіне кигізетін киімді қосыңыз. Яғни, бір мүсінді дайындап шығу үшін қаншама қажыр-қайратпен қоса, қомақты қаржы да керек. Егер қолдайтын адамдар табылып жатса, әлемге әйгілі Джеймс Салмон, Рон Муэк, Дуен Хэнсон сынды  гиперреалистердің жолын қуып, Мадам Тюссо мұражайы сияқты мұражай ашқысы келеді. Майкл Джексон, Бритни Спирс, Барак Обама  сияқты атақты адамдардың туындыларындай, Бибігүл Төлегенова Роза Рымбаева секілді елімізде шоқтығы биік жұлдыздардың мүсінін сомдамақ.

«Сәттілікке қол жеткізу үшін ең күрделі жолды таңда – онда бақталастарға жолықпайсың» деген сөзді өміріне серік еткен Айдос тың саланы меңгеру үшін  қиындыққа мойымау қажет деп есептейді. «Сурет өнері – табиғаттың ең әсем де сұлу құбылыстарын бейнелеуге деген адам ықыласынан туындаған өнер. Көзбен көріп, небір тамаша сәттерді қағаз бетіне түсіру үшін талантпен қатар, көп машықтану қажет. Танымал тұлға болу үшін 90 пайыз табандылық пен дайындық, 10 пайыз талант болуы шарт дегенді дұрыс деп санаймын.  Болашақта жеке мұражай ашу арманым бар. Онда тарихи тұлғаларды, өнер саңлақтарын, мәдениет және қоғам қайраткерлерін, белгілі жұлдыздарды сомдауды жоспарлаймын. Осы арманыма жету үшін қажыр-қайратымды аямай, еңбектенуге ден қойып отырмын» дейді Айдос ағынан жарылып.

Қаражат тапшылығы мен арнайы  шеберхананың жоқтығы Айдостың қолын байласа да, мойымақ емес. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол күндердің бір күнінде еңбегінің лайықты бағасын алып, жұлдызының жанатынына сенімді.

«Ұлан», №6. 14.02.2012