Мархабат Байғұт – таныстыруды қажет етпейтін жазушы. Бекзат болмыс иесі. Жандүниесі таза жан. Әңгімелері де өзі сияқты кіршіксіз. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы сөз жақсысын» «келістіріп» жазып жүрген қаламгер.

Шығармаларынан өмірдің өзін көресіз. Сұхбаты да солай. Шынайылығымен ерекшеленеді. Тазалығы мұнда да байқалған екен. Биылғы 25 мамырда алпыстың сегізіне келген ағамызды аз-кем әңгімеге тартқан едік.

–Мархабат аға, белгілі жазушыларымыздың бірі: «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры енді тумайды» – деп қынжылыс білдірген екен. Сіздің көзқарасыңыз қандай? Қазақ әдебиетінің болашағын сіз қалай көресіз?
–Кейбіреулер алтын ғасырды өтіп кетті деп жатыр. Бірақ, оны бір Алла ғана біледі. Ұлт болғаннан кейін әдебиеттің беделін, құнын түсіруге болмайды. Ұлтымыз сақталса, қазақ көркем ниеттілігінен танбаса, көркем әдебиетте ілгерілеушіліктің болатынына сенемін. Сөздің парқын білетін небір ақын-жазушылар, ғұламалар шыққан Қазақ елінде әлі талай мықты қаламгерлер дүниеге келеді. Әдебиет ешқашан өлмек емес.
–Соңғы жылдары қалам ұстаған қауымның қадірін кетіріп, туған-туыс, құда-құдағиы туралы өзі жазатын немесе өзгеге ақша беріп жаздырып, кітап шығаратын «жазғыштар» көбейіп кетті. Осындайға бір тоқтам қоюға бола ма, қалай ойлайсыз?
–Бұл – меңдеп тұрған дерт, сырқыраған сырқат. Біз оны айтып та жүрміз, жазып та жүрміз. Жыл басында бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай «Айқын» газетінің бетінде «Кітапқа көзқарас – мәдениеттілік өлшемі» деген көлемді мақаласында осы мәселені жан-жақты қозғаған еді. Біз кітаптың қадірін кетіріп, аяқасты етіп, құрттық. Ақшасы барлардың бәрі кітап шығара беретін болды. Ерінбегендер ата-бабасының шежіресін жазып жүр.Ақын-жазушыларды жалдап жаздырып, өзінің атынан кітап шығарып жатқандар қаншама. Қазір ақын-жазушыларға бұрынғыдай қомақты қаламақы төленбейді. Олардың да бала-шағалары бар, асырауы керек. Амал жоқ, көп қаламгерлер қалталылардың кітаптарын жазып, күн көріп жүр. Осы кесел әдебиетке де, кітап әлеміне де үлкен кедергі келтіріп отыр. Қазір цензура жоқ, тыйым салу жоқ. Сол себепті оған біреу тоқтам қояды деп айта алмаймын. Оқырманның өзінің талғамы тоқтам салатын шығар. Кітапты таңдап, талғап оқу керек. Шығыстың атақты ойшылы Әлішер Науайының «Ең сенімді, ең адал дос – кітап» деген сөзі бар. Науайының тұсында қазіргідей сапасыз, арзан кітаптар болмаған сияқты. Қазір достардың сатқындары, опасыздары, алаяқтары көбейіп кетті ғой. Кітап та сондай болып кетті. Сондықтан Әлішер Науайы бізден бақыттырақ болған ба деп ойлаймын кейде.

–Өзіңіз ақша үшін жазып көрдіңіз бе?
–Мен ақша үшін жазып жүрген жоқпын. Біреулер кітаптарын апарып сатады, содан әжептеуір пайда көреді. Мектептерге өткізеді, әкімдерге өтініш жасайды. Олардікі де дұрыс бір жағы. Қайбір жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Ақтолғай» атты естелікнамам үзбей жарияланып тұрды. Сосын оқырмандардан «осы естелікнаманы топтастырып кітап етіп шығарсаңыз» деген өтініш көптеп түсті. «Қазығұрт» баспасынан өз қаржыма шығарып, соңында біраз қарызданып қалдым. Лаж жоқ, соның біразын сатуға тура келді. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институты, Қожа- Ахмет Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен өзімнің туған ауданыма 200 данадан салмақ салдым. Олар ықыласпен алды ғой. Бірақ, өзім іштей қатты ұялдым. Әйтеуір қарыздан құтылдым. Былтыр мемлекеттік тапсырыс бойынша «Раритет» баспасынан «Жаңа заман әдебиеті» сериясымен «Бұла бұлақ» деген кітабым жарыққа шықты. Осыған маған не берді? 50 кітап алдым. Оның өзін сатып алдым. Көп жазушылар «қаламақы төленбесе, маған пайда түспесе шығармаймыз» деп көнбей жатыр. Ал мен көңілшекпін. Содан кейін оқырмандарымның қолына жете берсін деймін. Бауырыма басып жатқанда не істеймін? Бірақ, әрнеге қарап жазбай жатқан жайымыз жоқ. Дертіміз – сөз.Тәуелсіздікке адал қызмет етсек дейміз. Қаламақы болады деп осы уақытқа дейін үміттеніп жүрдік. Болмайтынына көзіміз жетті. Сонда да түңілмей, қарекет ете береміз енді.
–Жас жазушылардан кімдерді оқып жүрсіз? Түсініксіз жазу сәнге айналған сияқты, жалпы сіз қазіргі жазылып жүрген шығармаларды түсінесіз бе?
–Республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналын жаздырып аламын. Сол журналға жарияланып жатқан жас ақын-жазушылардың, оқушылардың, студенттердің шығармаларын оқып тұрамын. Бәленшені оқыдым, түгеншені оқыдым деп бөле жармай-ақ қояйын. Қазір бір жас топ ақын-жазушылардың легі өсіп келе жатыр. Ал олардың түсініксіз жазғандарын ізденістің белгілері деп санаймын. Түрлі ағымдарға, шетелдік қаламгерлерге еліктейді. Мұның бәрі олардың әдебиет әлемінде өздерінің бағыт- бағдарын айқындау жолындағы жасалып жатқан әрекеттері деп ойлаймын. Жастарды тілдері жұтаң, әдебиеттің не екенін білмейді деп сынап-мінеуден аулақпын. Мен жастардың кейде қателесіп, сол қателігінен сабақ алып, өзіндік бағытын айқындап алғандарын қалаймын.
–Қазір өзіңіз не жазып жүрсіз?
–«Қазығұрт.kz» журналына редактор болғалы бері, журналдың жұмысынан-ақ артылмай жатырмын. Бірақ ойда сүйікті жанрым – әңгіме жанрына ойымда жүрген нобайлар бар. Содан кейін облыстық Жұмат Шанин атындағы драма театрында «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған Жұрнақ» қойылған еді, соған дәнігіп, тағы бір-екі драма жазу ойымда жүр.
–Журнал демекші, «Қазығұрт.kz» оқырмандармен қайта қауышқанына да жыл толып қалыпты?
–Иә. Алдымен 2008 жылдың шілде айы мен 2009 жылдың наурызы аралығында «Қазығұрт.кз» деген альманах шығарғанбыз. Оған сол кездегі облыс әкімі Нұрғали Әшімов көмек қолын созып еді. Кейін қаржылық жағдайларға байланысты тоқтап қалды. Былтырғы жылы «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының директоры, ініміз Жарқынбек Төлтебай «журнал етіп қайта шығарайық, сіз қолға алыңыз, қаржы жағын мен реттестірейін» деп қолқа салып, нар тәуекел деп іске кіріскенбіз. Журналдың сыртына белгілі кәсіпкерлердің, атымтай жомарттардың суретін шығарамыз. Сол азаматтар кейде 1000 данасын, кейде 500 данасын сатып алады 200 теңгеден. Түскен ақша журналдың келесі нөмірін кейде жабады, кейде жетпейді. Осылайша бизнесмендерді шығару арқылы «Алаш жолы», «Қазақтану», «Аңсар», «Қанат қақты», «Көкейкесті», «Өнер», «Дін мен діл», «Әлем әдебиетінен» сияқты айдарларды жүргіземіз. Руханият, әдебиет пен мәдениеттің мәселелерін қозғаймыз. Қазір оқырмандары 2000-нан асады.
–Жақында «Мархабат-Мирас» атты қор құрылды. Мақсаты не, немен айналысады?
–«Мархабат-Мирас» қорының құрылуына Түлкібас ауданының бір топ азаматтары ықпал етті. Олар мені бір жылдай үгіттеді. Басында көнбей жүрдім. Кейін олар қор құрылса, атқаратын шаруаларын дәлелдеп шықты. Негізгі мақсаты – жас қалам иелерін тәрбиелеу, олардың кітаптарын шығарып, ынталандыру, көркем әдебиетке, кітап әлеміне бетбұрыс жасау мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастыру. Қордың тұсаукесерінде «Шырайлым – Шұбайғызылым» деген жас жазба ақындардың облыстық байқауын өткіздік. Жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар тапсырылды. Сосын жақында Әбілда Аймақ екеуміз Түлкібас ауданының әр мектебінен жиналған жазу-сызуға икемі бар 65 оқушыға шеберлік дәрісін өттік. Жазғандарын оқыды, бірігіп талқыладық. Бірақ, өкінішке қарай, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газетін білмейді, білмегесін оқымайды. Сосын біз қордың басшыларына айтып, қор есебінен барлығын «Ақ желкен» журналына тегін жаздырып бердік. Келесі жолы «Ұланға» жаздырамыз. Сөйтіп: «Үш ай жазғы демалыста журналдың қолдарына тиген, екі нөмірін түгел оқисыздар, сонымен қатар өздеріңіз қалаған жазушының бір кітабын, бір ақынның кітабын оқып, содан түйген ойларыңызды мақала етіп жазып келесіздер», – деп тапсырма бердік. Қыркүйекте барып сол 65 оқушыдан «емтихан» аламыз. «Мархабат-Мирас» қоры құрылғаннан кейін кішкене ұялып жүр едім, осыдан кейін серпіліп қалдым.

–Сізді де тәрбиелеген сол «Ұлан» мен «Ақ желкен» ғой?
–Иә, мені жазуға ынталандырған «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналы. 5-сыныпта оқып жүргенімде үшінші сыныптың бір қызын жақсы көрдім. Бір күні әлгі қызға Өмірзақ деген сыныптасым қол көтеріп, құлатып қойды. Болған жайды «Қазақстан пионеріне» жазып жібердім. Бір бетке суретімен жарияланды. Ауылда шу болып, мектеп басшыларын аяқтарынан тік тұрғызды. Директордан «қу жетімек, тентіреп оқып жүріп, мектепті республикаға масқара еттің» деп әбден ұрыс естіп, жылап шығып келе жатқан едім, әдебиеттен беретін жас ағайымыз алдымнан шығып, көзімнің жасын сүртіп: «Жылама, жазуың жақсы, сенен мықты жазушы шығады» , –деп жұбатты. Кешке қарай сыныптасым төрт-бес шешен жігітімен мені қоршап алды. Өзеннің үстінде, мұзда жабылып ұрып кетейін деп тұр. «Қазір мұны ұрсақ, ертең бізді тағы да газетке жазады, тиіспей-ақ қояйық, кеттік», –деп Өмірзақ қасындағы шешен балаларды ертіп кетіп қалды. Сол кезде жазудың құдіретін түсіндім. Көп өтпей ол ауылдан көшіп кеттік. Ал әлгі Өмірзақпен 18 жыл өткеннен кейін Алғабас ауылында ойда-жоқта кездесіп қалдым. 1972 жылы облыста құрғақшылық болып, шөп қурап, адамдар сасыр жұлуға көшті. Қыздардың қолдары күс-күс болып жүргенін көріп, «Сасыр жұлған сұлулар» деген мақала жаздым. Сөйтсем сол совхоздың бас агрономы мен «Қазақстан пионеріне» жазған Өмірзақ. Екеуміз бір-бірімізді сонадай жерден таныдық. Құшақтасып, бала күнгі қызықтарды еске алғанбыз.
–Қазіргі жастарды кітап, газет-журнал оқымайды деп жиі кінәлап жатамыз. Оқуға бетбұрыс жасау үшін не істеу қажет?
– Көркем әдебиетке бетбұрыс жасамай бәрібір оңбаймыз. Былтыр «Егемен Қазақстан» газетіне Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап кітапханасының директоры Гүлжамерия Қазинамен жақсы сұхбат жарияланды. Ол Лос-Анжелесте өткен ха¬лықаралық кітапханашылар конференциясына қатысып, көрген-білген, ойға түйгендерімен бөлісіпті. Ол жақта губернаторлардың, қала мэрлерінің, бай-бағланның әйелдері бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша көркем әдебиетті, шығармаларды өздерінің үйлерінде арнайы кітапханашыларды, оқырмандарды шақырып, талқылайды екен. Ал бізде әкім де оқымайды, әкімнің әйелі де оқымайды. Бізде бәрі үлкендерге қарап үйреніп қалған ғой. Атқамінерлер кітап оқып бастасыншы, бірден бәрі жапа-тармағай кітап оқуға ұмтылатын еді. Тағы бір айтарым, соғыс ардагерлерімен кездесу өткізген, жиналыстар ұйымдастырған дұрыс. Бірақ оқушыларға олардан гөрі Шерхан Мұртазаның «41-жылғы келіншек» әңгімесін оқытып, талқылағанның әсері күштірек. Ары кесе 12 минутта-ақ оқитын туынды. Сайын Мұратбековтің «Жусан исін» оқысыншы отбасы мүшелері түгел жиналып. Үлкен тәрбие. Аянды аяған адам ешуақытта өзгелерге жамандық ойламайды, біреуге қару кезенбейді. Мопассанның «Томпыш» деген әңгімесі бар. Францияға барсаң, соны оқымаған адам жоқ. Жасы да, кәрісі де біледі. «Бізде патриотизмді ұстап тұрған сол Мопассаның әңгімесі» дейді. Ал біз отансүйгіштік сезімдерін оятамыз деп жалаң ұран көтеріп, жаттанды жиналыс, акция өткізуге құмармыз. Біздің студент кезімізде Темірғали Нұрғазин деген профессор болды. Түпнұсқаны оқымасаң баға қоймайтын. Бейімбет Майлиннің «Ақ беренін» оқыдым деп өтірікті соғып, оқулық бойынша айтып бергеніңді біліп қоятын. Кітапханаға барып, оқып кел деп жіберетін. Пушкин кітапханасына барып екі-үш сағат тапжылмай отырып, оқып қайтып келіп айтып беретін едік. Ағайымыз болса ерінбей қашан оқып келгенімізше күтіп отыра беретін. Қазіргі оқытушылар да студенттерге сондай талап қоюы керек. Бірақ, қоймайды. Себебі мұғалімдердің өздері де түпнұсқасын оқымаған. Оқымасын өзгелерге қалай талап қояды? Дерттің бір тамыры осында жатыр.

«Халық сөзі» газеті, №41

Фотосуреттер автордікі