Шымкенттік қолөнерші Мұхтархан Атаханның жасаған туындылары тек елімізде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Республикалық, халықаралық көрмелерге жиі қатысады.

16 жылдан бері ағаштан ою ойып, осы өнерді өзіне серік еткен ол бүгінде дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернатында ұстаздық қызмет етіп, шәкірттерге бар білгенін үйретіп жүр. Жақында үйінде қонақ болып, тілдесіп қайтқан едік.

Мұхтархан аға, қолөнерге қалай, қашан келдіңіз? Бұл кәсіпке бет бұруға не түрткі болды?

– Қолөнермен 2000 жылдан бері айналысып келемін. Бірде жұмыстан келіп, ағаш жарып отырсам, Шерхан деген үлкен ұлым көшеден бәкі тауып келіпті. «Мынадан мультфильмдегі кейіпкерді жасап беріңіз» дейді. Балама түрлі кейіпкерді ойып берем деп жүріп, осы кәсіпке ойыстым. Кейін көрмелерге қатыса бастадым. Ал оған дейін құсбегілікпен, атбегілікпен айналыстым. Мемлекеттік қызметте де жұмыс істедім. Адам өзінің неге қабілетті екенін, деңгей-дәрежесінің қаншалықты екенін білмей, меңгермей үлкен нәрсеге жеттім деп ойламауы керек. Бізді кей кезде ардақтап, марапаттап, шебер деп жатады. Дегенмен, біз шебер емеспіз, Алла шебер. Халықтың ықылас-пейіліне рахмет. Біздің жұмысымыз – кешегі бабалардың қалдырып кеткен аманатын, ағаш бұйымдардың формасын өзгертіп, болмаса тағы бір ерекшеліктер қосып түрлендіріп, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу.

qol oner

Ұлттық өнерді шет мемлекеттерде насихаттап жүргеніңізді білеміз. Жиі көрмелерге қатысасыз. Қандай ой түйдіңіз?

– Венгрия, Болгария, Румыния, Финляндия, Түркия, Грекия, Біріккен Араб әмірліктерінде болдым. Олардың өздерінің төл мәдениетіне аса бір ыждағаттылықпен, құрметпен қарайтынын көріп, риза болып қайттым. Жақында Біріккен Араб әмірлігіне барғанда Египет, Марокко, Ауғанстан, Иран, тағы басқа елдердің зергерлері, ағаш ұсталары келді. Сонда сол шеберлерден біздің шеберлеріміздің деңгей, дәрежесі бір саты төмен емес екенін дәлелдедік. Шаңқобыз тартып-ақ оларды таңғалдыра алдық. Кез келген мемлекет өзінің ұлттық құндылығына қамқорлық жасауы керек. Ал бізде шеберлердің мектебін ашу, тағы басқа нәрселер кенже қалып жатқаны өкінішті-ақ жағдай. Кей кезде әріптестеріммен, басқа жандармен жолығып қалған кезде «Мұхтархан, сенің шеберханаңа барғымыз келеді» дейді. Менде шеберхана жоқ. Бұрын біздің бабаларымызда шеберхана болмаған. Киіз үйді қай жерге апарып тігеді, сол жерде сексеуілдің шоғын қыздырып, көрік басып, зергерлік бұйымдар жасап, ағаш ойып, шеберхана жасап алады. «Басымызға күн туды, басқа жаққа көшеміз» десе бір сағатта, буып-түйіп, жиналып көшіп отырған. 

qol oner-2

Сонда сіз осыншама керемет туындыларды қайда жасап жүрсіз?

– Үйімде, «Өнер» мектебінде жасаймын. Бастысы өз кәсібіңе деген ынта-ықылас қажет. Кез келген жұмысты махаббатпен істеуің керек. Бірақ бізде кей жандар «ана жұмыс маған лайық емес» деп пендешілікке салынып жатады. Басшылық қызметтерге ұмтылады. Өмірдегі ұстаздарымның бәріне ризалық көңілмен қараймын. Өйткені «жақсыны көрсең жанынан қалма, шарапаты тиеді» дейді, шарапаты мол азаматтармен дидарласып, сұхбаттасып, соларға үзеңгілес болмасам да, үзеңгісін ұстап, жанында жүрдім. «Жақсы аға көрсең, өкшесін баспа, ізін қу, жақсы іні көрсең, бетінен қақпа, белін бу» деп жатады. Мен осы нәрсені әркез жадымда ұстаймын. Осы өнерді басқа үйренемін деушілерге беріп кеткім келеді.

Қазір қандай бұйымдар жасап жатырсыз?

qol oner-3

– Қарағаштан, қатты ағаштардан астау, түрлі мүсіндер, сондай-ақ, ер-тоқым жасап жатырмын. Сұлулыққа қызығатын жандар іздеп тауып, тапсырыс беріп жатады. Қазір үйімде мезгілін, уақытын күтіп жатқан ағаштар көп. Ақсақ Темірдің Самарханда ұстаға жасатқан есігі бар. Ұста ол есікті дайындауға 25 жылын арнаған екен. Уақыты келгенде жаңа туындыларды тамашалай аласыздар. 

Сізді не мазалайды?

– Қазір біздің керенаулығымыздың, немқұрайлығымыздың, ата-баба аманатына жүрдім-бардым қарауымыздың арқасында ұлттық дүниелерімізге таласып, иеленіп жатқандар бар. Біреулер келіп қол сұғып, көлденең жолыққан көк аттыға мінгесіп кетіп бара жатқан мәдениетімізге ішім ашиды. Француздардың гобелен деп шығарып жатқаны, біздің әже-апаларымыздың басып кеткен текеметі, кілемі. Шетелдіктер қазір киізден, ағаштан жасалған бұйымдарға қызығушылық таныта бастады. Өйткені олар экологиялық таза, зиянсыз өнімдер. Қазақтың кез келген құнды дүниесін өзіміз насихаттамасақ, ешкім келіп бізге насихаттап бермейді. Аманатқа қиянат жасамай, ұлттық төл өнерімізді болашақ ұрпаққа саф, таза күйінде тапсыруымыз керек. 

Әңгімеңізге рахмет!

«Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газеті

Фотосуреттер Мұхтархан Атаханның жеке фотомұрағатынан алынды