Өзіңнен алдыңғы буынды үлгі тұтып өсуің – заңдылық.Біз де «Ұланның» алғашқы оқырманы болған күннен бастап, мақалалары апта сайын жарияланатын жас тілшілерге қызыға қарайтынбыз. Соларға қарап үлгі алдық.

Солардың жазған-сызғандарына қарап, ақ парақ бетін шимайладық. Кейін, оқуға түскесін, сол аға-әпкелердің біразымен жүзбе-жүз танысып, кездесуге мүмкіндік туды. «Ұланның» 2002-2005 жылдар аралығындағы белсенді жас тілшілерінің көпшілігі бүгінде журналистика саласында тер төгіп келеді. Қандай басылымда істесе де, балалық шақтың куәгері болған «Ұланның» орны бөлек екенін мақтанышпен жеткізеді.

Гүлмира Аймағанбет, «Астана ақшамы» газетінің журналисі:

– Оңайлатар қиынды,

Іздегенім тап менің.

Сенсің «Ұлан» миымды

Шынықтырар бапкерім!

Осы бір шумақ өлең жолдары сүйікті газетімнің бірінші бетіне шыққанда, өзімді ұлы ақын сезінген едім. «Ұланның» бір бұрышына шағын жазбам шыққанда, ұстаздарым арнайы жиналыс жасап, құттықтайтын. Басқа оқушыларға үлгі болсын деген ниетпен, тіпті дауыстап оқытатын. Оқушы үшін бұдан асқан абырой бар ма?! Үш шақырым аудан орталығындағы пошта бөлімшесіне жазған-сызғандарымды ерінбей анам барып салатын. Кейін өзіме үйретті. «Ұланға» бауыр басқаным соншалық, бір нөмірін қалдырмай оқимын. Тігіндісін жинаймын. Балалық шағымның бір бөлшегіне айналған сүйікті газетімнің арқасында, мамандығымды адаспай таптым. Бүгінде редакцияға келген оқырман хаттарына өзім де бей-жай қарай алмайтыным «Ұланнан»  алған тәлімім деп білемін. Өйткені, оқырман ойы олжа екенін  маған «Ұлан» үйретті. Ауылға барған сайын, әрбір хатты қайталап оқимын. Сарғайған сары парақтардан өткен күннің әдемі естеліктерін көремін. Он алты жыл өтсе де, күні кеше алғандай әсерде қалатыныма әлі күнге дейін таң қаламын. Жылдар өтсе де ақылшы басылымның бағасы  мен үшін асқақтап барады.

Бақтияр Қабасов,  Талғар аудан-дық «Талғар» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы:

– «Ұланмен» достығым 5-сынып оқып жүргенде, яғни, 1995 жылдан басталды. Ата-анам ұстаз болғандықтан, барлық басылымдарға жазылатын. Көзімізді ашқаннан газет-журналдың ортасында өстік. Ең алғаш жолдаған мақалама Алма апайымыздан хат келгені де есімде. Ол хат әлі күнге дейін үйде сақтаулы тұр. Сол хат мені жігерлендірді десем артық айтқаным емес.

«Ұлан» ақылшы досым еді. Алматыға көшіп келіп, редакцияға жақын болғым келді. Дегеніме жеттім де. 1998 жылы аға-әпкемнің үйіне қоныс аудардым. Ал редакция сол сәттен бастап екінші үйімдей болып кетті. «Ұлан» маған үлкен мектеп болды. Сұлтан Қалиев ағамыздан бастап, Кеңес, Дүйсен, Жолдасбек ағаларымыздың тәрбиесін көрдік. Аға-әпкелеріміздің тапсырған тапсырмаларын бұлжытпай орындадық. Жас тілшілермен үнемі тығыз байланыста болдық.

Мақпал Жұмашева, «Нұр Астана» газетінің журналисі:

– 5-сыныпта анамның: «Сен енді бастауыш сынып оқушысы емессің. Сондықтан «Ұланды» оқуың керек» дегені әлі есімде. Анамның арқасында «Балдырғанмен» «достығымды» «Ұлан» жалғап, өмірімнің келесі кезеңіне аяқ басқандай болдым. «Ұланның» маған бергенін сөзбен айтып жеткізу қиын шығар!.. Бүгінде қолыма қалам ұстап, ақпарат айдынына жол тартуыма себепкер, болашағымды айқындауыма бағыт-бағдар сілтеуші бола білді. Ең алғашқы жазған әңгімем «Ұланымның» бетіне  жарияланған күн әлі есімде! Пошташы апай үйге хабарласып, сүйінші сұрап, сол күні үйде бір той болған. Кей материалдарым жариялауға келмесе де, сол кезде қызмет еткен Сұлтан, Әділ ағайлардан хат келіп тұратын. Хат алыспасам да, есімдері «Ұлан» арқылы жақсы  таныс адамдармен өмірде жолықтым.\

Аслан Мұратов, журналист:

– «Ұлан» газетімен менің достығым 8-сыныпта оқып жүргенде басталды. Сыныптасым әрі досым, сол кездегі «жас тілші» Рауан Сәбитұлына еліктесем, сол секілді мен де тілші куәлігін алсам деген ой мені де алға жетеледі. Сол арман мені қолыма қалам ұстатқызып, мақала, әңгіме, өлеңдер жазуға итермеледі. «Ұлан» маған терең ойлауды, сауатты жазуды, шешен сөйлеуді үйретті. «Ұлан» арқылы мен бала шақтан болашаққа аттаған қадамымда да қолымнан қаламым түскен емес. Соның нәтижесі шығар, студент шағымда қатарымның алды болдым, оқу бітіріп, қызметке кіріскен кезімде де қызметтестерімнің арасында біркелкі сауатты хаттар жазу, келіссөздер жүргізу, логикалық қарым-қабілетімнің артуына септігін тигізді. Менің «ұландық» тілшілермен, оқырмандардың  республика бойынша көбімен хат-хабарым мол болды. Тіпті, бір хатты алып, оған жауап жазып жатсам, екіншісі келіп тұрған кездер де болды. Әйткенмен, іштерінде есімде қалғаны және ерекше жатталғаны алматылық Әсем Бөлекова деген «жас тілші» қыз болды. Әсеммен мектеп бітіргенше хат алыстық. Кейін мен Астанаға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-не оқуға түсіп, астаналық студент шағымда кездестім онымен. Оның өзі бір хикая. Қазақ тілі және әдебиеті группасында (КАО) оқитын студенттердің тізімін қарап тұрып Әсемнің фамилиясын көргенімде толқып кеткенім сонша, жанымдағы Рауаннан сүйінші де сұраппын. Сосын біртіндеп КАО-ның  қыздарын сырттай барлауға кірістік. Солайша бір күні барлық ерік-жігерімді бір шүберекке түйіп, аяңдап барып Әсеммен көзбе-көз таныстым. Артынан шынымен де студенттік достар болып кеттік. Оның да группаластарымен аралас-құраласымыз көбейді. Сол жылы Әсемнің 20 жасына жанымдағы достарымды ертіп барғаным есімде. Айтқандай, бұл кездесу туралы «Ұланда» менің «Әсем шынында әсем екен» атты мақалам да жарық көрді сол жылы (шамамен 2003  жылы болуы тиіс).

Арай Жүндібаева, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің PhD бөлімінің 2-курс докторанты:

– Көзім ашылғаннан көрген газетім – «Ұлан». Мен үйдің ең кенжесімін. Өзімнен үлкен аға-әпкелерім мені баласынып, бұл басылымды қолыма бере  бермейтін.  Қашан үлкейіп, хат танып, өзім оқи алғанша,  сөреде ұқыпталып, жиналып тұратын газеттерді көру мен үшін үлкен арман еді. Себебі, қолдары босаған сәтте, соның біреуін алып,  небір қызықты  әңгіме-өлеңдерді сол газеттен алып, оқып, жаттататын маған үйдегі үлкендер. Кейін мектеп оқушысы атанғанда анам жыл сайын осы басылымды маған жаздырып алғызатын болды. Сөйтсем, бұл басылымның тарихы біздің отбасында әріден басталады екен. Сонау елуінші жылдардағы номерлеріне дейін анам ұқыптап жинап отыратын. Басқа газеттердің  сандары жоғалып (кейде жыртылып) жатса да, бұл газет әрбір санымен түптеліп отыратын. Кейін өзім де аға-әпкелерім сияқты жаза бастадым. Олардың да әңгіме-өлеңдері («Қазақстан пионері» кезінде) үнемі газетке жарияланып тұрады екен… Сөйтіп, бір күні газетті қарасам, «Мектеп – білім бақшасы» атты өлеңім бірінші бетіне жарияланыпты. Қатты қуандым. Ал, келесі санында сол кездегі Бас редактор Сұлтан аға Қалиұлының осы өлеңді және өзге жіберген  мақалаларым туралы өзінің жеке талдау пікірі менің суретіммен жарық көрді. Ағай мен туралы, менің жазғандарым туралы өте жылы пікір білдіргендіктен болар, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Сөйтіп, мен «Ұланның» жас тілшісі болдым. Ары қарайғы жоғары сынып кезіндегі және студент кездегі жылдарым «Ұланмен» тығыз байланыста өткенін өзім де аңдамай қалдым.  Көп достар таптым. Арада қанша жыл өтсе де, достық ықыласымыз берік сақталып келеді.

Назерке САНИЯЗОВА,   «Халық» газетінің журналисі:

– «Ұланның» жас тілшісі атанған сәтті қалай ұмытайын?! Бұл 1996 жыл болатын. Ол кезде 4-сыныпта оқимын. Жазуды әкемнен үйрендім. Журналистика саласына мойын бұруыма сол кісі бірден-бір себепші болды. Өзімше жазған шимай-шатпағымды жинап салып жүретін қызыл папкам бар болатын (әлі күнге дейін сол сақтаулы, ауылға барғанда көрген сайын балалық шағым есіме түседі). Ең алғашқы тырнақалды туындыма «Сырғанақ төбе» деп ат қойдым. Көрші балалардың қыста сырғанақ төбе жасап алып, ойынның қызығына түсетіні жайлы. Оны әкеме өңдетіп, таза қағазға қайта көшіріп, редакцияның мекен-жайына жолдадым. Көп ұзамай ол газет бетінде жарық көрді. Менің жазуға құштарлығым осылай біртіндеп арта берді. Тағы бір-екі мақалаларым жарияланған соң «Ұланның» жас тілшісі атанып шыға келдім. Бұлай тез болады деп, шыны керек, күткенім жоқ. Ол кезде жариялауға келмейтін материалдарымыз болса, қай жерден кемшілік жібергенімізді, болашақта бұдан да жақсы жазып кететінімізге сенім білдіріп, хат жіберетін. Бұл кез келген адамның талабын шыңдайтын, қаламын ұштайтын. «Ұланның» арқасында талай дос таптым, әртүрлі облыстық және республикалық фестивальдерге қатысып, өзім жазуына қызығатын редакциядағы аға-апайларыммен жақын таныстым. Мектеп бітіргенге дейін «Ұланнан» қол үзбедім.

Жанкелді Қаржан, «Халық сөзі» газетінің журналисі:

– 1999 жыл болатын. 4-сыныпта оқып жүргенімде мұғалім болып жұмыс істейтін анам «Ұланға» жазылды. Апта сайын келіп тұратын газетті бастан аяқ оқып шығу әдетім еді. Өзім қатарлы оқушылардың жазған мақалаларына қызығатыным тағы бар. Әсіресе, «Газетім – ақылшым, сырласым», «Сыйқоржын» секілді айдарлар маған қатты ұнайтын. Мақала жазған оқушылардың жыл сайын іріктеліп, «Ұланның жас тілшісі» деген куәлікке ие болуы баршаны қатты қызықтыратын. Сол кездері газеттің ұйымдастыруымен өткен фестивальдерден тыс қалғаныммен, «Кел, танысайық!» айдарымен бірқатар оқырмандармен достасқан едік. Еліміздің барлық өңірлерінен үздіксіз хат келіп тұратын. Газет туралы, болашақ мамандығымыз туралы аймақтағы жас оқырмандармен хат алысып тұрдық. «Ұланға» алғаш жазылған күннен бастап мектеп бітіргенше бір санын қалдырмай оқыдым десем артық айтқаным емес. Сондықтан сол кездері жас тілші атанған замандастарымның есімі маған етене таныс. Тұрақты оқырман бола жүріп, мақала жазсам деген ниетпен 2001 жылы «Журналист болғым келеді» деген тақырыпта мақала жаздым. Апта сайын «Ұланның» әрбір жаңа нөмірінен өз мақаламның шыққанын күтемін. Қызық болғанда бір айдан кейін «Ұланның» сол кездегі қызметкері Кеңес Оразбекұлынан хат келгенде қуанғаным есімде. Кейін төл газетіме мақалаларым біртіндеп шыға бастады. Әрбір мақалам шыққан сайын жазуға деген құштарлық арта түсіп, қанаттанып қалатынбыз. Содан болар газет оқу арқылы болашақ мақсатымды айқындадым. Журналист болсам деген арман да сол кезден басталды. Бірде үйде сабағымды қарап отырсам, мектеп директоры телефон шалды. «Жанкелді, тезірек кел! Алматыдан бір апай келіп отыр. Сенімен жолығам дейді» деп тұтқаны қоя салды. Алып-ұшып жетіп барсам, Алма Үмбеттегі апайымыз ауылға келген екен. 4-сыныптан достасқан газеттің жас тілшісі деген мәртебе маған 9-сыныпта бұйырды. «Ұланның» 2004 жылдың алғашқы нөмірінде жас тілшілер қатарында менің есімім жүр екен. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз… Мектеп бітіргеннен кейін ойланбастан журналистикаға құжат тапсырдым. Бұл бастауыш сыныптан бері досым іспеттес болған «Ұланның» көмегі еді… Өзім қатарлас жас тілшілердің мақаласын қалт жібермей оқимын. Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде сол кездегі жас тілшілер Руслан Меделбек, Арай Жүндібаева, Қарлығаш Досанова сынды қатарластарыммен ойда жоқта кездесіп, арқа-жарқа болғанымыз бар.

…Бүгінгі жас тілшілер біздің уақыттағы толқыннан мүлдем бөлек. Сондықтан басылымда жарияланатын мақалалар да тым басқа. Бұл газет оқырмандарының еркін ойлы, өскендігін байқатады-ау деп ойлаймын кейде. Сол кездері Алматыға жолданған мақаланың жарияланар күнін асыға күтіп, пошташы апайдың үйге келгенін аңдитын албырт күндерді сағынамын кейде.

Тізе берсек, «Ұланның» ұлағат алып өскендер де, ақтарылар ақ тілектер де тіпті көп. Бәрімізді тәрбиелеген, тура жол сілтеген «Ұланға» мың алғыс! Мерекеңмен!

«Ұлан», №10, 12.03.2013