Көбелек өсіріп те ақша табуға болады

Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылының тұрғыны Тамара Қахарбек ерекше кәсіппен шұғылданады. Габробракон атты ауылшаруашылығына пайдалы көбелек өсіріп, істің көзін тауып, қиюын келістіріп отырған жан. Ол қандай көбелек деп таңғалып отырған боларсыз?

Габробракон көсекті көктей солдырып, мақтаның жауы саналатын құрт-құмырсқалар мен күйе көбелектерін теріп жейтін көбелек. Үйде отырып-ақ осындай ел біле бермейтін кәсіпті серік еткен апай жайлы естігенде құлағымыз елең ете қалған еді. Жай-жапсарын апайдың өз аузынан естуге асықтық. 

– 1983 жылы ауданымызда «Көкарал» деген кеңшар ашылды. 1984 жылдан бастап сол кеңшарда лабораторияда аға лаборант болып жұмыс істедім. 1998 жылы нарық қысқан шақта лабораториямыз жабылып қалды. Екі-үш жыл «Қазақ мақта» компаниясында істеп жүріп, бұл істің бүге-шүгесіне дейін білемін ғой, неге өзім жеке айналысып көрмеске деген ой келді. Сөйтіп тәуекелге бел будым. Ташкентке барып, осы салада мол тәжірибесі бар білікті мамандардан ақыл-кеңес алдым. Қайтар кезде 40 мың теңгеге бір құты көбелектің балаңқұрттарын сатып әкелдім, – деп бастады апай әңгімесін.
Жылда Оңтүстіктің шаруалары мақта енді көсек тастап, шанаққа отырар алдында мақтаның күйе көбелегінен зардап шегеді. Ол мақта түйініне өз жұмыртқасын салады да, одан пайда болған құрт түйіндерді жеп қояды. Сөйтіп әлі пісіп жетілмеген күйі қауашағы солып қалады. Зиянкестерге химикат шашып күрескенше, Габробракон көбелегімен тойтарыс жасаған әлдеқайда тиімді көрінеді. Ол залалданған мақта түйіндерін исі арқылы тауып, ондағы зиянкестің құртына өз жұмыртқасын қалдырып кетеді екен. Осылайша зиянкестің көзі жойылады.
– «Біз алқапқа 70 тұқым шашсақ, кейіннен олар 120-ға дейін көбейеді. Аналығына қарағанда аталығын сәл аздау етіп ұшырамыз. Өйткені ол іштен әбден тойып шығады да 3 күннен кейін өліп қалады. Содан кейін біз екінші мәрте тағы да ұшырамыз», – дейді Тамара апай.
Оның айтуынша, көбелектерді күтіп-баптаудың да өзіндік қыр-сыры мен қиындығы бар. Балаңқұрттар тағамға келгенде өте талпампаз. Оларды қоректендіру үшін күн сайын жүгерінің ұнына 3 литр сүт, 200 гр. май, 2 кг. құмшекер қосып тамақ дайындалады. 1 сағ. 20 минут қазанда қайнаған 10 кг. тамақ олардың бір күндік қорегі. Сондай-ақ жүгерінің ұны мен бал арасының ұясы да көбелек үшін ең құнарлы тамақтардың бірі. Бал арасының ұясы Алматыдан әкелінеді екен. Ал Габробракон тек қана таза бал жейтін болып шықты.
Олардың күтімі жас баланың күтімі сияқты. Өз уақтысында тамақ бермей немесе көңіл бөлмей қойсаң сол заматта-ақ өліп қалады. Сондай-ақ құмшекерін мөлшерінен аз салып қойсаң да балаңқұрттар аталыққа айналып кетеді. Ал аталықтың мақта алқабына тигізер пайдасы онша көп емес екен. Габробракондардың тағы бір ерекшелігі тазалықты сүйетіндігі. Олар тіршілік ететін бөлмеге иіссу сеуіп кіруіңізге болмайды. Айнадай таза бөлмеде он айналсаңыз да қылаудай шаң таппайсыз. Сонымен қатар бөлмені 32-35 градус температурада қалыпты ұстап тұру үшін күндіз-түні жылытқыш пешті қосып қояды. «Біз әр ыдысқа 15 балаңқұрттан саламыз, олар 10-15 күннен кейін көбелекке айналады. Осылайша екі айдың көлемінде аналығын 2 мыңға жеткізіп, мақта алқаптарына жібереміз», – дейді Тамара апай. Бұл көбелектердің бір құтысы 3,5 мың теңгеге бағаланады екен. Құтының ішінде мыңға жуық Габробракон болады.
Аудандағы атқамінерлерден ешқандай көмек болмаған соң екі-үш жыл бұрын бұл істі тоқтатып қойған болатын. Бірақ егін егіп, жерден несібесін теріп жүрген шаруалар көбелек керек деп өтініш айтқасын қайта қолға алыпты. Төрткүл ауылындағы «Иассы» деп аталатын компанияның басшысы Нұрлан Батырбеков істі ары қарай жалғастыру үшін лабораторияға 2 мың АҚШ долларын аударып, азаматтық танытыпты биыл. Сонымен қатар енді балаңқұрт іздеп Ташкентке сабылмайтын болды. Мақтарал өңіріндегі габробракон, трихограмма, алтын көз көбелектерін өндіріп жатқан биофабрикадан алдырып, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанды» жөн деп тапқан.
Жыл сайын егістіктегі пияз бен қауынның ішін зиянкестердің жайлайтыны бар. Қаптаған құрттар олардың еркін өсіп, кең тамыр жаюына кедергі болады. Сол себепті Габробраконды мақтадан өзге жүгеріге, қауынға, пиязға, қызанақ пен алмаға да ұшырып көріпті. Нәтиже көңіл қуантарлықтай. Өнімдері өтімді болған шаруалар қауымы дән риза. Алғыстарын жаудырып, келер жылға да тапсырыстарын беріп қойыпты. Егістіктер мен бау-бақшалардағы зиянкестердің көзін жойып, мол өнім алуда көбелектің кереметтілігін көріп таң қалдық біздер. Көп адам біле бермейтін ерекше кәсіппен бұл күні Тамара апай отбасымен айналысып отыр. Ұлдары мен келіндері қолы қалт еткенде көмектесуге ұмтылады. Еркебұлан атты асықтай ұлы анасының жолын қуып, болашақты бұл істің аясын кеңейтіп, ары қарай жетілдіру үшін биология саласында білім алуда.
Айрықша күтімді қажет ететін көбелектердің бабын табу үшін де жүйкең темірдей мықты болуы қажет. Тамара апай жер ана түлеген шақтан бастап, қамба астыққа түскенге дейін, яғни қара күз біткенше күндіз-түні тыным таппайды. Жалқаулыққа жаны қас. Көбелек өсіріп, сирек кәсіпті серік еткен апайдан табыс көзін сұрағанымызда ол халықтың қызығушылығына байланысты екенін айтты. Шаршамаңыз, көбелектеріңіз де көбейе берсін деп қош айтыстық.

Сіз не дейсіз?

Елемес Сабыров, Мақтарал ауылының тұрғыны:
– Улы химикаттардан гөрі биоәдістің тиімділігі дәлелденген. Дамыған елдерде мұны әлдеқашан түсінген. Ал бізде ешкім қолға алғысы келмейді. Мақта алқаптары елді мекендерге тым жақын орналасқандықтан химиялық препараттармен өңделуі салдарынан тұрғындар арасында сары ауру, асқазан-ішек, тыныс аурулары мен аллергия секілді аурулар көбейеді. Мақта теріміне ересегі де, балалар да қатар шығатынын ескерсек, бұл улы заттардың халықтың денсаулығына үлкен қатер төндіретіні айтпаса да түсінікті. Сол себепті біздің де осындай табиғи әдіске толыққанды көшкеніміз орынды.

Еркебұлан Сарыпбеков, студент, Тамара апайдың ұлы:
– Агрономия факультетінде білім алғым келген. Бірақ мен түскен жылы «Шымкент» университетінде ол мамандық болмады. Келесі жылы ашылды. Агрономия саласын бітірген жастар екі қолға бір күрек таба алмай қалада құр сандалғанша, далаға кеп, қолдарына кетпен, күрек ұстап еңбек етсе ғой. Өзім болашақта анамның осы ісін дөңгелетіп әкетіп, үлкен табысқа жетсем деймін.