Әлеуметтік желіні тиімді пайдалана білсең, ұтатын тұстары мол. Шымкенттік Ғани Кубеев те Инстаграм желісі арқылы өз туындыларын жарнамалап, ісін дөңгелетіп жүрген ісмер жігіт.

Бүгінде оның парақшасына жазылушылардың саны 76 мыңнан асады. Елімізге танымал өнер жұлдыздары мен тележүргізушілер Ғанидың қолынан шыққан оюлы кеудешелерге, ұсақ тастармен безендірілген көйлектер мен әшекей бұйымдарға тапсырыс бере бастады.

– Шымкенттегі Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның табалдырығын аттағаннан кейін ата-анам қосымша ән-би үйірмесіне жаздыртты. Кейін көңілім көркемсуретті қалады, – дейді Ғани. – Өзімнің әжем де, нағашы әжем де қолөнер шеберлері, керемет құрақшы болған. Анам да өнерден алыс емес. Солардан дарыған болуы керек, кішкентайымнан іс тіккенге құмар болдым. Алғашқы «Бақыт құсы» атты картинамды да 7-сынып оқып жүргенде көрмеге қойып, 100 АҚШ долларына бағаланған болатын. Бұл мені ынталандыра түсті.

9-сыныпты бітіргеннен кейін Ә. Қастеев атындағы Шымкент көркемөнер және дизайн колледжіне құжат тапсырған Ғани «дизайнер-интерьер» мамандығын бітіріп шыққан.

«Ең бiрiншi қолдаған – әкем»

Ине сабақтап, тігіс тігу жігіттерге жат қылық, қол емес деп санайтындар арамызда баршылық. Ғаниға да алғашқыда «туған-туысқандарым қалай қарайды?», «ата-анам не дер екен?», «достарым күлетін шығар?» деген ойлар маза бермепті. Бірақ оны ең бірінші әкесі қолдады. «Жүрегің қалаған дүниені жаса, көңілің сүйген іспен айналыс, еліңе қызмет жасайтын саналы ұл бол» деген ата-анасы барынша демеу болды.
– Шыны керек, тігін саласында жүрген жігіттерге, достарыма о баста ата-атасы мен туыстары қарсы шыққан. Өздерін мойындатқаннан кейін ғана құп көрген. Ал менің ата-анам бұл іске қызығушылығым пайда болғаннан-ақ керек-жарағымды түгендеп, байқауларға апарып, қолдау танытты. Басқалар күлетін шығар, мазақтайтын болар деген ойларымды жоққа шығарды. Жігер берді, жанымнан табылды. Олардың артқан сенімдерін, үкілі үміттерін ақтау мақсатында, оларға қуаныш-шаттық сыйлау үшін ерінбей еңбек етемін, осы саланың үздігі болу үшін аянбай тер төгемін, – дейді Ғани. 
Ғаниға тапсырыс берушілердің дені – Батыс Қазақстан облысы мен Астана, Алматы қалаларынан. Сондай-ақ, Қытай, Еуропа елдерінен де ұсыныс айтқандар табылыпты. Көбі Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы біліп, сол арқылы ою-өрнектермен бедерленген сәукеле, ұлттық көйлек пен әшекей бұйымдарға тапсырыс беретін көрінеді. 
– Кей дизайнерлер уақыт үнемдеу үшін киімге, бас киімдерге, әшекей бұйымдарға моншақтарды желіммен жабыстырады. Ал желіммен жабыстырылған моншақ үш-төрт рет киілгеннен кейін түсіп қалады. Ал мен уақытым қанша тығыз болса да әрбір моншақты ерінбей қолмен тігіп шығамын. Қомақты ақшаға сатып алғаннан кейін ризашылығын айтып, кисе деймін. Сосын жалықпас үшін үш-төрт жұмысты бірге бастаймын, – дейді ол.

Шетелдiк мамандар жоғары бағалаған

1-4

Жақында Ғани Шымкентте өткен дизайнерлердің халықаралық фестивалі мен жәрмеңкесіне қатысып, бағын сынады. Алғаш рет өз киім топтамасын ұсынды. Өзге әріптестері таңдай қағып, жоғары баға берді. Әсіресе шетелден келген дизайнерлер ұлттық ою-өрнектерімізге қатты қызығыпты. 
– Бұл фестивальде алғаш рет өз топтамамды алып шықтым. Қобалжығаным рас. Осы саланың үздіктері бас қосқан үш күндік фестиваль маған керемет көңіл күй, қуаныш сыйлады. Әріптестерім үздік деп бағалады, кемшін тұстарын толықтырды, – дейді ол. 
Ал бір киімді жасап шығуға кететін уақыт пен олардың бағасын сұрағанымызда «Оюлы кеудешені тіккенге екі күн кетеді, бірінші күні оюын ойып, келесі күні тігемін. Ал сәукелені кемінде он күнде жасап шығамын. Біздің адамдардың ұлттық өрнекпен бедерленген киімдер кигісі-ақ келеді. Бірақ бағасы қымбат, кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Өйткені біз шикізатты шетелден алдыртамыз. Көз майыңды тауысып жасаған еңбегің лайықты бағасын алса дейсің. Болашақта өзімнің сән үйімнің болғанын қалаймын, шәкірт тәрбиелесем», – деп жауап берді. 
«Жігітке жеті өнер де аз» дейтін мәтелді мықтап ойға түйген Ғани тігіс тігуден бөлек қабырғаға сурет салу өнерін де шебер меңгерген. Түрлі бояуларды үйлестірген ол Астана, Алматы, Көкшетау, Павлодар қалаларында бой көтерген мешіттердің күмбезін, қас бетін әрлеп, қолтаңбасын қалдырған. 
Ғани бізбен әңгімесінің соңында көңіл түкпірінде жатқан ойларымен бөлісті. «Қазір мектеп оқушыларының көбі бос уақытын компьютер алдында өткізеді. Атыс-шабыс ойындарына құмар. Асыл уақытын ұрлатып ғана қоймай, санасын да улайды. Өз-өздеріне қол жұмсайтындардың, аяусыз соққыға жығатындардың көбейгенінің бір себебі осында жатыр деп ойлаймын. Сол себепті ата-ана баланы кішкентайынан көркемсурет мектептеріне, спорттық үйірмелерге, музыкаға жетелеп апарса деймін», – дейді жас шебер. 
Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген Ғаниға сән әлемінде өзіндік есімі мен қолтаңбасын қалдырып, алға қойған мақсат-мұраттарына сүрінбей жетсін деп тіледік.