Ұстаз жүгі – ауыр жүк. Осы ауыр жүкті қайыспай көтеруге бел буып, шәкірт алдындағы жауапкершілікті бәрінен биік қойған, береке мен бірлігі жарасқан ұстаздар әулеті бар Шымкентте. Олар Назаровтар отбасы.

Бүгінде бұл шаңырақта ұл-қыз бен немерелері, келіндері мен күйеубалаларын қосқанда 30 жан ата-ана салған сара жолды жалғастырып, қала-ауыл мектептерінде ұстаздық қызмет етіп жүр.

Бәрін басынан баяндасақ. Педагогикалық училищені бітірген Таштан мен Досбол Назаровтар 1960 жылы Шымкенттегі №54 мектепте еңбек жолын бастайды. Әулеттің отағасы шәкірттерге тарих пәнінен дәріс оқып, қажыр-қайратының, нәтижелі жұмысы мен білімінің арқасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілсе, ал отанасы кітапханашы, кейін бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған олар осы мектепте өсіп-өнді. 12 перзенті де осы білім ордасынан қияға қанат қақты. Оның 11-і ұстаздық жолды таңдаған. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар. 
Таштан апайдың айтуынша, отағасы Досбол мұғалімдікті киелі кәсіп санағандықтан, балалары мен немерелерінің ұстаз болуын қатты қалаған.
– Адамның болмысында ұстаздық қасиеттің ұшқыны болмаса педагог бола алмайды. Шәкірт тәрбиелеу жүрек қалауым екенін түсінгендіктен болар, мұғалімдіктен басқа мамандықты таңдау туралы ойланған да емеспін, – деген Таштан апа әңгімесін ары қарай сабақтады. – Отағасы екеуміз тату-тәтті ғұмыр кештік, қандай жағдай болмасын бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Тағдырдың жазуы ғой, ұл-қызды құтты орнына қондырып, ұзақ жыл оқу-білім саласында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шығуына санаулы айлар қалғанда өмірден озды. Бар саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнағандықтан болар ұл-қыздарының да осы жолды таңдағанын қалады. Олар да әке айтқанын екі етпеді. Бұл күнде бәрі жоғары оқу орнын аяқтап, мектептерде түрлі пәндерден дәріс беріп жүр. Қазір ұл-қыздарым жайлы жылы сөз естісем мерейім өсіп, марқайып қаламын. Балаларының өмірде өз жолын адаспай тауып, кірпіш боп қаланып кеткені әр ата-анаға, қуаныш, бақыт ғой, – дейді отыз жылға жуық мектепте табан аудармастан еңбек етіп, білім беру саласының үздігі атанған Таштан апа. 

nazarovtar-1

Жылы жүзді, терең ойлы, көздеріне ерекше бір мейірім нұры ұялаған Таштан апа алты ұл, алты қызынан 50 немере 20 шөбере сүйіп отыр. Іргелі әулетке айналған шаңырақтың ақылшысы қарбаласқа, тәжірибеге толы еңбек жолын ерекше тебіреніспен еске алып, жиі үлгі етеді. «Отыз жылдың ішінде қаншама шәкіртті тәрбиелеп, қанатын қатайтып ұшырдым. Әр салада елге қызмет етіп жүрген олар көрген жерде құрақ ұшып, алғыстарын жаудырып жатады. Мұның өзі төккен терімнің текке кетпегені деп білемін» дейді аяулы ұстаз.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, қос ұстаз бала тәрбиесіне де жіті көңіл бөлді. Перзенттерінің бойына кішкентайынан ізгіліктің, адалдықтың, адамгершіліктің дәнін егіп, олардың өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыруға тырысты. 
– Бізді ата-анамыз бауырмалдыққа, кішіпейілділікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеледі. «Білім алыңдар, кітап оқыңдар, әркез бір-біріңе сүйеу болыңдар» деп жиі айтып отыратын. Айтып ғана қоймай, ісімен, мінезімен, жүріс-тұрысымен үлгі болды. Бала күнімізде қанша бұзықтық жасасақ та әкем қол көтеріп, ұрған емес. Өмірлік азық қалдырды. Ол дүние-мүлік емес, рухани азық, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі. Ұстаздық жолдың қадір-қасиетін кішкентайымыздан біліп өскеннен болар, мектеп бітіргеннен кейін барлығымыздың таңдауымыз мұғалімдікке түсті. Ата-анамыз көрсеткен дұрыс жол мен бағыт-бағдардың арқасында өмірден өз орнымызды таптық, – дейді ұлы Батырхан аға. Ол қаладағы №55 мектепте технология пәнінен дәріс береді. 

nazarovtar-2

Бұдан бөлек Гүлшырын – №55 жалпы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі, Гүлжаһан – Қазығұрт ауданы, «Атбұлақ» жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Нұрбол мен Бақтыбай – №54 жалпы орта мектепте, Нұржамал, Нұрсұлу мен Гүлжан – Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында ұстаздық қызмет етсе, Гүлпара – Ордабасы ауданы, Ы.Алтынсарин жалпы орта мектебінде тарих пәні мұғалімі, Бауыржан – №1 кешкі мектеп, тарих пәні мұғалімдік қызметін атқарып жүр. Бір қызығы, күйеубалалары мен келіндері де ұстаздық жолдан ұзай қоймаған. 
– Мен Назаровтар отбасына келін болып түскеніме бақыттымын. Іргелі әулет. Қызмет барысында қиындықтар туындаса, бір-бірімізге айтып, оны шешудің жолын бірге талқылаймыз. Ұстазды текке адам жанының инженері деп атамаса керек. Ұстаз болу үшін отбасың сенің жұмысыңды түсінуі тиіс. Ал біз бәріміз қиындықты бірге еңсеріп келеміз, – деп ағынан жарылды келіні Пәкизат. Ол №55 мектепте бастауыш сынып мұғалімі. «Әр ұстаз, бала жанын түсініп, оның жүрегіне жол таба білу шарт. Баланың көз алдында ұстаздың сүйкімді бейнесі, жылы жүзі, парасаттылығы қалу керек» деп санайды. Сауатты, әдемі жазуға үйрету, жүйелі де терең бастауыш білім беру – басты мақсаты деп біледі. Сондықтан қазіргі заман талабына сай, оқытудың жаңа технологияларын, жаңаша әдіс-тәсілдерін сабағында күнделікті қолданады. 
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар қазақта. Ұстазды үлгі тұтып өскен Таштан апаның оннан астам немересі де осы жолды таңдады. Алды қызметке араласса, кейінгілері университетте білім алуда. Соның бірі – Перизат Досбол. Ол Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 3-курсында оқып жатыр. 
– Мен бұл мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым. Өйкені әкем Бақтыбай отыз жылдан бері №54 мектепте сызу, сурет, еңбек пәндерінен сабақ береді. Ал анам Зылиха №55 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Олардың жолын жалғастыру, шәкірттерге сапалы білім беру – менің басты арманым. Бір жылдан кейін қолыма диплом алып, үлкен өмірге қадам басамын. Ата-әжеміздің, ата-анамыздың, жалпы әулетіміздің атына кір келтірмей, сара жолын жалғастырамыз, – дейді Перизат.
Нағыз ұстаз болуды бақыт, абырой санайтын Назаровтар отбасы ұстаздық кәсіпке адалдық танытқаны соншалық, айлап, жылдап жалақы бермеген қиын-қыстау күндерде сауда-саттықпен айналысып, өзге кәсіпке бет бұруды ойламаған. Мұғалімдікті асыл мұраты санаған әулет мүшелерінің жалпы еңбек өтілі 478 жылға жуықтапты. Өзгеге үлгі, еңбек династиясын қалыптастырған бұл әулетті татулықты дәріптейтін, дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» байқауынан көріп қалуымыз мүмкін. Таштан апа бастаған әулет мүшелері қызу дайындыққа кірісті.

 «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газеті

Фотосуреттер Назаровтар отбасының жеке фотомұрағатынан алынды