Байжансай. Бес отбасы тұратын қала

Байжансай ауылына кіреберіс / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Кезінде Байжансай – қойнауы құт, кенді қала еді. 7 мың адам тұрған, аты

дүркіреген қаланың қазіргі күйі жүрегіңді сыздатады. Мұнда қазір небәрі 5 отбасы тұрады.

Оңтүстік Қазақстан облысы түгілі сол кездегі ел астанасы Алматының дүкендерінен табылмайтын қат зат сол заманда Байжансайдың дүкенінде самсап тұратынын көнекөздер әлі айтады.

«Азық-түліктен бастап, киім-кешек, тұрмыстық зат сынды қажетті тауарлар тек Мәскеуден жеткізілетін» дейді бұрын Байжансайда тұрғандар.

Кез келген іс-шара тек Мәскеудің бұйрығымен ғана жүзеге асырылатын осы бір шағын қаланың болғанын бүгінде әр жерде қалқайған ескі ғимараттар мен олардың қаусап, құлағалы тұрған қабырғалар ғана айғақтайды.

Екі таудың ортасындағы көрікті қала жайлы Кеңес өкіметі тұсында жалпақ жұртқа көп айтыла бермеген де екен. Осындай қала барын байжансайлықтар және олардың туыстары ғана білгендей әсерде қаласыз.

аап

Байжансайға апаратын жол / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Бір кездері көрікті мекенді көруге біз де құмарттық. Көлікке мініп, Шымкенттен 135 шақырым қашықтықта жатқан Бәйдібек ауданы, Байжансай ауылына жол тарттық.

Салтанат құрып тұрған шағында 7 мыңнан астам тұрғыны болған, қала қазір шетелдік қорқынышты кинолардағы көріністерді түсіруге ғана жарайды. Қаңырап бос қалған.

Байжансай қаласында қазір небәрі бес-ақ отбасы тұрады. Оның өзі малдарын бағу үшін ғана отырғандар. Бала-шағасы көрші ауылдарда тұрып, сондағы мектепте оқиды. Мал соңында тек ересектері жүр.

Байжансайдың тарихы

Байжансайдың қойнауы құтқа толы кенді еді. Негізі бұл жерде қорғасыннан басқа өзге де түстi металдар болғанын ең алдымен ағылшындар бiлген деген болжам бар.

«Ағылшын миллионерi 1928 жылға дейiн Байжансайдың түстi металын түйемен өз елiне тасыған көрінеді. Осы ағылшын миллионерінің немересі 1978 жылы «осында атамның iзi қалған, кен орны болған жерді өз көзiммен көргiм келедi» деп Байжансайға арнайы сапарлап келген» деп байжансайлықтар әлі күнге дейін жыр ғып айтады.

кук

Байжансайдағы шахтаның бірі / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Сондай-ақ, зерттеушi ғалымдар В.Н.Вебер мен М.Н.Бронниковтың 1904 жылғы жазбаларында Байжансайда қорғасын мен мырыштың бай қоры бары жайлы мәлімет кездеседі.

Араға жиырма жыл салып Бобров деген кәсiпкер шикiзатты Әулиеатадағы жасырын цехқа тасып қорытқан деген де дерек бар. Сол заманда Байжансайдың бағалы металын түйеге артып, Қытайға асырған кәсiпкерлер де болған екен.

Байжан ақсақалдың есімімен байланысты

Ал ауылдың Байжансай аталуының да өзіндік сыры бар. Қарт Қаратаудың етегінде Байжан Асанбаев ақсақал аң аулап күнелтеді. Таудан тас жинап, оны ерітіп, жонып, мылтығына оқ жасап алып жүрген. Сөйтсе ол қорғасын болып шыққан.

Беті ашық жатқан тау тастарының қорғасын екенін алғашында ешкім білмеген. Тек 1930 жылы Байжан ата кен орнын зерттеуші геологтарға көрсеткен. Кен орнының Байжансай аталуының сыры осында.

Қазір Байжан атаның ұрпақтары бұл мекеннен алыстап кеткен. Алматы, Астана, Қарағанды жақта тұрады деп естиді ел. Ал туыс, жекжат жағалап, той-томалаққа келе қалса «Байжан атаның ұл-қызы, немересі келіпті» деп бұрынғы байжансайлықтар құрақ ұшып, танымаса да қонақ етіп, кездесіп қалуға тырысады.

Отызыншы жылдары Шымкент қорғасын зауыты бой көтере бастағанда Байжансайға зерттеушi геологтар лек-легiмен ағылады. Олар кен орнын зерттеп, қандай металл түрлерi шығатынын анықтау жұмыстарын жүргiзедi.

Дегенмен, кен орнының құпиясын ашқандар бұл жерден металдың қай түрлері табылғанын тіс жарып, ешкімге айтпаған, айттырмаған көрінеді. Содан да болса керек, Байжансай кенішінде еңбек еткендер көпке дейін тек қорғасын өндіріп жүрміз деп келген.

Алайда, бұл аймақтан түсті металдың, алтынның, күмістің, мыстың мол қоры болғанын, өндірілген тастан сол металдар да құпия түрде бөлініп алынғанын қарапайым жұмысшылардың күбір-сыбырларынан құлақтарына жетсе керек.

Байжансайдың шахталарынан рудалар вагон-вагон болып жөнелтілген сайын бұл өлкеге қоныс аударушылар саны да көбейеді. Зәулім ғимараттар бой көтере бастайды. Қалашық өркендейді, өседі. Ал халық саны 7 мыңнан асып жығылады.

Талай кештер мен концерттер өткен Мәдениет үйінің бүгінгі кейпі

Талай кештер мен концерттер өткен Мәдениет үйінің бүгінгі кейпі / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

– Байжансайдың негiзi 1930 жылы қаланды ғой. Ал 1977-85 жылдар аралығында тіпті дәуірледі. Екі шахта, байыту фабрикасы, дизельдi электростансасы, химия зертханасы жұмыс iстеді. 1978 жылы Қазақстандағы қала типтi екi мыңнан аса поселке арасынан Байжансай бiрiншi орынға ие болды. Алғашында қала құрылысына гректер мен түрмеде жазасын өтеуші азаматтар тартылса, уақыт өте келе кен байыту ісінің мамандары келе бастады. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген орыс, украин, татар, грек, кәрiс, гагауз, қытайлар осы жерге сіңісіп кетті. Өсіп-өнді. Бәріміз бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кештік, – дейді бүгінде жасы 80-нен асқан Сайлаубек ата Мамыралиев.

Сайлаубек ата Мамыралиев

Сайлаубек ата Мамыралиев / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Бар өмірін шахтаға арнаған тау-кен инженері, Байжансайдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Сайлаубек ата талай рет шахтада болған апаттардан, бетпе-бет келген ажалдың аузынан аман қалған жан.

Тіпті өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін басын бірнеше рет қатерге тіккен. Сондай бір апатты жарылыс кезінде сыз жерді кешіп, табанынан тозып, әріптестерін сыртқа арқалап тасыды.

Ерлігін айтып, бұлдамайды. Көкірек керіп мақтанбайды. «Е-е-е, қаншама қиындықты бастан өткердік ғой, оның несін сұрайсың?» деп жылы жымиып қоя салады. Атаның талай жылғы еңбегін айғақтап «Ерен еңбегі үшін» медалінен басталатын көптеген марапаттары кеудесінде жарқырайды.

Бұл жердегі екі қабатты үйде бірнеше отбасы тату-тәтті тұрған

Бұл жердегі екі қабатты үйде бірнеше отбасы тату-тәтті тұрған / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Байжансайлықтар жылда бас қосады

1994 жылы кен орнының жұмысы тоқтатылады. Сол кездегі облыс әкімінің «Байжансай жабылсын!» деген шешімі жарияланған газетті байжансайлықтар әлі күнге қамығып, еске алады.

Осылайша Байжансай болашағы жоқ елді мекендердің қатарына қосылып, басынан бағы таяды. Жылдар өте келе ауыл тұрғындарын Бәйдiбек ауданының өзге елді мекендеріне көшiру қолға алынады. Ал білікті мамандар Кентаудағы, Жаңатастағы, Шалқиядағы шахталарға жұмысқа аттанады.

Байжансайда сақталған мүсін

Байжансайда сақталған мүсін / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Бірте-бірте осы қалада еңсе тіктеген, өркендеуіне куә болған, қызығы мен қиындығын қатар көрген, өсіп-өнген талай отбасы Байжансайды тастап кетуге мәжбүр болды. Тіпті Германияға, Грекияға, АҚШ-қа көшті кейбірі. Бірақ қайда жүрсе де бір-бірімен байланысты үзбеді. Той-томалақта жиналып, қуанышты бірге тойласа, өлім-жітім, қайғыны теңдей бөлісті.

Ең бастысы, жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде байжансайлықтар қаңырап қалған қалада бас қосады. Ата-баба әруағына құран бағыштап, ас береді. Маңайды у-шуға толтырып, көптен көрмегендер бір-бірімен кездесіп, мәре-сәре болысады.

Жан-жақтан жыл сайын асығып, сағынып жететін байжансайлықтар

Жан-жақтан жыл сайын асығып, сағынып жететін байжансайлықтар / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

– Байжансайға отбасымызбен ат басын жиі бұрамыз. Балалық шағым өткен мекенді сағынамын. Түсіме кіреді. Биыл осындағы мектепті бітіргенімізге 20 жыл толды. Сыныптастар болып, бас қостық. Мектептің тек сыртқы қабырғасы ғана құламай тұрғаны болмаса, іші жүрек сыздатады.

Биология кабинеті, қатырылған жәндіктер, адамның бас сүйегін кездестіруге болады

Биология кабинеті, қатырылған жәндіктер / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Биология кабинеті, қатырылған жәндіктер, адамның бас сүйегін кездестіруге болады

Адамның бас сүйегін де кездестіруге болады / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

– «Мына жер спорт залы, мына жер біздің сынып, мына жер директордың кабинеті» деп өзіміз тауып аламыз. Талай қызықты күндер осында өтті ғой. Байжансайлықтар ұйымшыл, бір-бірін қолдауға қашанда әзір. Мен өз ауылымның адамдарымен мақтанамын. Және алтын ұямыз бен «Солнышко» балабақшасындағы бақыт пен шаттыққа толы қызықты сәттерді ешуақытта ұмытпаймын, – дейді Айнұр Оразымбетова.

Байжансайға келген әр адам ең бірінші өзінің тұрған үйін көруге асығады

Айнұр Оразымбетова / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

«Байжансайға» 30 жылдан соң келіп тұрмын

Жетпісбай Оспанов аға – қазір Маңғыстаудағы мұнай-газ компаниясының белді қызметкері. 1978 жылы осы ауылда мектеп бітіріп, таудай армандарын арқалап, қалаға аттанған. Оқуға түсті, бітірді. Кейін өмір көшіне ілесіп, қат-қабат шаруалар ауылға мойын бұрғызбады. Тек 30 жылдан кейін ғана туған жердің топырағын басу бұйырыпты.

чсч

чсч / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

– «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дейді ғой. Туған мекенге, Байжансайға деген сағыныш, махаббат осында жетелеп келді. Бір сәт те шаңы бұрқырап жатқан көшемді, доп қуып ойнаған алаңды, балалық, жастық шағым өткен киелі мекенді ұмытқан емеспін.

Талай түлекке үлкен өмірге жолдама берген Байжансай орта мектебі

Талай түлекке үлкен өмірге жолдама берген Байжансай орта мектебі / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Біз ауылдан аттанғанда Байжансай дүркіреп тұр еді. Тіршіліктің базары қайнап жатқан. Қазіргі жай-күйін көріп жүрегім қатты ауырды. Жан дүнием құлазып тұр. Біз тұрған үйдің орны ғана қалған. Отбасым Ақтауда. Бұйыртса, бала-шағамды ертіп кеп, туған жерімді көрсеткім келеді, – дейді Жетпісбай аға.

30 жылдан соң Байжансайға келген Жетпісбай аға

30 жылдан соң Байжансайға келген Жетпісбай аға / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

«Бізде алты ай қыс болады»

Тұрғындар заттарын буып-түйіп, жан-жаққа тарыдай шашырап кеткенде, бес үй ешқайда көшпей Байжансайда қалды. Қазір табиғаты қаталдау, шалғай жатқан мекенді тастап кеткісі келмей, осында ғұмыр кешіп жатыр. Солардың бірі – Айтаңсық апай.

– Тыныштыққа да бойың үйренеді екен. Бізде қыс қатты болады. Қараша айынан бастап, төпелеп жауған қар жолды жауып тастайды. Көлік келмейді. Байланыс үзіледі. Тек қар еріп, көктем шыққанда ғана сырттағы туыс-туған, бала-шағамызбен байланыс жасаймыз.

Байжансайда соңғы рет 2012 жылы мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы өткен

Байжансайда соңғы рет 2012 жылы мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы өткен / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Мысалы, былтыр, мамыр айында бір-ақ жол ашылды. Бес-алты айға жететін азық-түлікті, дәрі-дәрмекті, отын-суымызды қамдап аламыз. Сосын бес үй бір-бірімізге баратын жолды қардан тазалаймыз. Қатты жел, боран соққан күні жарық та жанбай қалады. Үш бала-шағам бар. Олар көрші ауылда білім алады. Күйеуімнің ата-бабасының сүйегі осында жатыр. Көшкісі келмейді, – дейді Айтаңсық апай.

Байжансайлықтар қыдырып келген қонақты күтіп алуға әзір

Байжансайлықтар қыдырып келген қонақты күтіп алуға әзір / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Байжансайдағы бес үйде бүгiнде Дүйсен, Есентай, Әмiржан, Марат, Еркiнбек ағалар отбасымен тұрады. Азын-аулақ төрт түлігін бағып, туған жерді сағынып келгендерге құшағын ашып, дастарханын жайып, құрақ ұшып жүргені.

Олар бауыр басқан, осы кезге дейінгі өмірлерін өткізген жердi тастап кеткiлерi жоқ. Күндердің бір күнінде жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен тұрғындар Байжансайға оралып, түкпірдегі қалада тіршілік қайта жанданады деп сенеді.

"Менің атам осы шахтада істеген"

Informburo.kz