Оңтүстік Қазақстандағы Ақмешіт үңгірі экотуризмде ерекше орын алуы тиіс.

Оңтүстікте қатпар-қатпар тарихы бар, талай сырды ішіне бүккен киелі және тарихи мекендер көп-ақ. Солардың бірі – Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірі.

Ел аузында киелі аталып кеткен үңгірді көрмекке Шымкенттен жолға шықтық. Ақмешіт үңгірі қаладан 70-80 шақырым қашықтықта орын тепкен.

Жолай Теспе, Құтарыс, Жыланды, Боралдай, Ақбастау, тағы басқа ауылдарын басып өтесіз. Жол бойында тұрған арқардың мүсінінен оң жаққа бұрылып, Қостұраға қарай тағы зымырайсыз.

Үңгірге апаратын жол

Үңгірге апаратын жол / Фотосурет автордікі

Жол тақтайдай теп-тегіс. Осы жол қос жотаның арасымен таңғажайып үңгірге алып барады.

Ақмешіт 250 метр биіктікте таудың сілемінде орна­ласқан

Ақмешіт 250 метр биіктікте таудың сілемінде орна­ласқан / Фотосурет автордікі

Ақмешіттің тарихы

Жаугершілік қиын-қыстау заманда Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, ұрысқа дайындалады. Он мың әскерімен аттанар тұста селдетіп нөсер құяды. Жаңбыр астында таңғы намазды оқи алмайды.

Сосын үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып, намазға жығылады. Үңгірдің кереметтілігіне таң-тамаша болысады. Сарбаздың бірі бұл үңгірді Есіркеп немесе Қойкелді деп атайық деп ұсыныс білдіреді.

Аңыз бойынша, 10 мың әскер намаз оқыған деседі

Аңыз бойынша, 10 мың әскер намаз оқыған деседі / Фотосурет автордікі

Батыр бұл ұсынысқа қарсы болып, «бұл үңгір қасиетті, он мыңнан астам бізге таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді. Сәждеге бірдей бас қоя алдық. Аппақ тастары да ғажап әсер сыйлайды екен. Бұл жерді Ақмешіт деп атайық деп, Ақмешіт болсын» дейді.

Міне, содан бері, бұл үңгір Ақмешіт аталып кетіпті. 1997 жылдан бері осы үңгірдің шырақшысы атанған Асқар Рүстембекұлы бізге тарихын осылай тарқатып берді.

Үңгірдің ішіндегі температура қысы-жазы +18-20 градус болып тұрады, өзгермейді

Үңгір сырт көзге көрінбейді. Елеусіздеу. Көлікті тұраққа қалдырып, баспалдақтармен жаяу өрледік. Біраз жүрген соң, үңгір қарайып көрінді.

Ерсілі-қарсылы ағылған адам. Бірі үңгірді тамашалап қайтып бара жатса, енді бірі біз секілді аралауға бара жатыр. Ақмешіт 250 метр биіктікте таудың сілемінде орна­ласқан.

Ақмешіт үңгірі – адам бойындағы жағымсыз энергиядан арылтады

Ақмешіт үңгірі – адам бойындағы жағымсыз энергетикадан арылтады / Фотосурет автордікі

Үңгірдің аузы аядай екен. Аз-кем кідіріп, ентігімізді басып, үңгір ішіне беттедік. Ғажап!

Жергілікті кәсіпкердің қолдауының арқасында үңгірге төмен түсетін баспалдақтар орнатылған екен. Темірден. Ақырындап аяқ бастық.

Үңгірдің іші күмбез іспеттес. Ені 60-80, ұзындығы 120 метр. Іші қоңыр салқын. Далада +35, +40 градус ыстық болса да, іште +18-20 градустан бір өзгермейді дейді.

Үңгірге келушілер басым бөлігі Асқар Рүстембекұлына құран оқытады

Үңгірге келушілер басым бөлігі Асқар Рүстембекұлына құран оқытады / Фотосурет автордікі

– Соғыстан кейінгі жылдары әкем есегіне мінгестіріп, осы үңгірге жиі ертіп келетін. Ауыл балалары боп бүлдірген теріп, ағаштармен сөйлесіп, құстарды қызықтап, ойнап қайтатынбыз. Мынау 10-15 метр боп үйіліп жатқан үкінің саңғырығы. Жүздеген жылда жиналған. Осы үңгірде үкі мекен ететін. Кейін жөндеу жұмыстары кезінде ұшып кетіп қайта оралмады.

Үңгір бұдан да үлкен еді, 1966 жылы Ташкентте болған қатты жер сілкінісінің әсерінен үңгірдің бір бөлігі опырылып, 120 метрге қысқарып, шөгіп кетті, – дейді Асқар Рүстембекұлы ақсақал.

Үңгірді арнайы іздеп келетін адамдар көп

Ақмешіт үңгірінің атын естіп, алыстан ат арылтып келетіндер көп. Солардың бірі – Назерке Ермекқызы. Ол осы үңгірді көру үшін Астанадан арнайы келіпті.

Үңгір менің таңданысымды тудырды, – дейді Назерке

Үңгір менің таңданысымды тудырды, – дейді Назерке / Фотосурет автордікі

– Үңгір туралы ең бірінші youtube.com видеохостингтегі Әнуар Нұрпейісовтің арнасынан көрдім. Шымкентте жолым түссе, ең бірінші осы үңгірге барамын деп мақсат қойдым. Сәті түсті. Құрбымның отбасымен арнайы келдік. Фотосурет те, видео да көзбен көргендей әсер сыйлай алмайды екен, – дейді Назерке.

Ордабасылық Ұлбала Әбуқызы да үңгірге жылына екі-үш рет келіп-кететінін айтады.

Екі-үш жыл бұрын газеттен бұл үңгір адам ағзасын бай­­­лай­тын жаман энергетика – тіл, көз, дуа және жаман жердің гео­­­­маг­нитті әсер­лерін сылып тас­тай­­тынын оқыдым.

Үңгірге келсем, бойым жеңілдейді, – дейді Ұлбала Әбуқызы

Үңгірге келсем, бойым жеңілдейді, – дейді Ұлбала Әбуқызы / Фотосурет автордікі

– Шынында да, үңгір ішінде жарты сағат жүрсеңіз, бойыңыз жеңілдеп сала береді. Аурасы керемет. Сондықтан жылына уақыт тауып екі-үш рет келіп-кетуге тырысамыз. Басқа қалалардан туыс-туғандар, дос-жарандар келсе, Ақмешіттің кереметтілігін көрсетуге асығамыз, – дейді Ұлбала Әбуқызы.

Ақмешіттің айналасына шипажай салынса…

Ақмешіт – адам ағзасына оң әсер етеді. Қара энергетикадан тазартады. Мұны шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоқанов та растайды. Ол – елімізде геомагниттік толқындарды зерттеп жүрген бірден-бір ғалым. Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Киелі Ақмешіт үңгірі жоғарғы күш-қуатты, таза энергетикалық ауа ағымдары шоғырланған толқынды аймақта орналасқанын, оны экотуризмге айналдыру керектігін БАҚ беттерінде жиі көтеріп жүр.

Үңгірдің әр жерінен су тамшылап тұрады

Үңгірдің әр жерінен су тамшылап тұрады / Фотосурет автордікі

Ақмешіт үңгі­рінің күмбез шаңырақты құры­лымы адам ағзасына оң әсер етіп, келеңсіз ауру-сырқаудан арылтады. Ақмешітке кіргендердің бәрінің биоөрісі қалыпты жағдайға түсіп, иммундық күш-қуаты көтеріледі.

Бірде қасымдағы адамдардың алдын ала қан қысымын тексеріп алдым. Бірге үңгірге түстік. Оның іші тап-таза. Үңгір ішінде жарты сағаттай жүріп, сыртқа шыққанымызда 160 болып тұрған қан қысымы 130-ға бір-ақ түсті.

Экотуризм аймағына сұранып тұрған мекен

Экотуризм аймағына сұранып тұрған мекен / Фотосурет автордікі

– Үңгірдің аймағында «Манкент», «Сарыағаш» секілді демалыс-сауықтыру шипажайын салсақ қой. Сосын қымыз, шұбатпен қамтамасыз етсек. Сол жерде адамдар ем алатын болса, одан кейін Ақмешітке күніне бір-екі сағат кіріп-шықса, нағыз иммунды күш-қуатты арттыратын бірден-бір орын болар еді. Бұл үңгір болашақта дүниежүзілік экотуризм аймағына айналарына сенемін, – дейді ғалым Мұсатілла Тоқанов.

Біз де сенейік. Барды бағалауды үйренетін кез жетті ғой.

Informburo.kz