Ақбастау ауылында 300 отбасы тұрады / Фотосурет автордікі

Оңтүстіктің көп ауылдарында Наурыз ерекше тойланады. Сайрам ауданы, Ақбастау ауылына мерекелі тойға барып, берекелі ауылдың тірлігіне куә болдық.

Ақбастау ауылы Шымкенттен 20-25 шақырым қашықтықта орын тепкен. Бүгінде 300 үй тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан, қаймағы бұзылмаған ауыл. Халқы – еңбекқор, мал, егін шаруашылығымен айналысады. Жастар жағы аудан орталығы мен Шымкентке қатынап жұмыс істейді.

Наурыз тазалықтан басталады

Наурыз тазалықтан басталады / Фотосурет автордікі

Ауылда қарбаласқа бәрі атсалысады

Ауылдағы қарбаласқа бәрі атсалысады / Фотосурет автордікі

Наурыз тойын әр жылы әр жылғылар ұйымдастырады

Ауылда мектеп, балабақша, медпункт бар. Әрбір үйге ауызсу, табиғи газ тартылған. Жолы тегіс. Ақбастаудың халқы ұйымшыл. Той-томалақ, өлім-жітімде таудай тірлікті біріге атқарып тастайды. Ауылда соңғы жылдары дәстүрге айналған бір үрдіс бар. Наурыз тойын әр жылы әр жылғылар ұйымдастырып, дүркіретіп атап өтеді.

Наурыз тойды атау өту – биыл осы азаматтардың мойнында

Наурыз тойды атап өту – биыл осы азаматтардың мойнында / Фотосурет автордікі

– Наурыз – ізгілік пен мейірімділіктің, жаңарудың мерекесі. Жыл басы. Биыл 1972-73 жылғы жігіттер ұйымдастырды. Барлық жұмыс осы жылғы жігіттердің мойнына жүктеледі. Бір ай бұрын қанша ақшадан шығаратынымызды, қай іске кімнің жауапты болатынын талқылап, іс-шара жоспарын түздік. Ұйымшылдық танытқан достарыма, Наурызды атап өтуге ат салысқан әрбір ауыл тұрғынына алғысымды білдіремін, – дейді ұйымдастыру ісінің бас-қасында жүрген Жәнібек Оразбеков.

Биылғы Наурызды 1972-73 жылғылар бірігіп ұйымдастырдық, – дейді Жәнібек Оразбеков

Биылғы Наурызды 1972-73 жылғылар бірігіп ұйымдастырдық, – дейді Жәнібек Оразбеков / Фотосурет автордікі

Наурызға дайындық бір апта бұрын басталған

Наурыз жақындаған сайын осы жылғы ер-азаматтардың келіншектерінде де тыным жоқ. Олар бір үйге жиналып, бір ауылға жететін дастарханның қамын жасайды. Шара-шара бауырсақ пісіреді. Тәттілер мен салаттың түр-түрін дайындайды.

Наурыз тойға дайындық

Наурыз тойға дайындық / Фотосурет автордікі

– 60 зуаладан астам қамыр жайдық. Бауырсақ, самса, қаттама пісіріп жатырмыз. Бір аптадан бері осы үйден шықпаймыз. Біздің арамызда әртүрлі мамандық иелері бар. Бірақ негізгі қызметіміз – келіндік қызмет, – дейді алты баланың анасы Гаухар Бейсенова.

Қамыр жайып, бауырсақ пісіруге кіріскен ауыл келіндері

Қамыр жайып, бауырсақ пісіруге кіріскен ауыл келіндері / Фотосурет автордікі

Табақ-табақ бауырсақ пісірілді

Табақ-табақ бауырсақ пісірілді / Фотосурет автордікі

– Бір-бір әулеттің отанасымыз. Қандай шаруа болмасын бірігіп атқарып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүреміз. Ауылымыздың биылғы Наурызын өткізуге біздер жауапты болғандықтан, дастарханды барынша жайнатып жаю үшін тағамдарымызды дәмді пісіруге тырысып жатырмыз, – дейді Гаухар Бейсенова.

Ер азаматтар жағы қой етін мүшелеуге кірісті

Қой етін мүшелеуге кірісті / Фотосурет автордікі

– Осы ауылға 19 жасымда келін болып түстім. Биыл жұбайыммен шаңырақ көтергеніме 24 жыл толады. Бір отбасын дөңгелетіп кетуіме енемнің септігі көп тиді. Отбасы құндылықтарын жоғары қойдық. Бүгінде төрт ұл-қызды тәрбиелеп отырмыз. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін асыға күтеміз. Биыл эстафета кезегі біздің ер-азаматтарымыздың мойнында. Келіншектер қауымы екі-үш күннен бері қарбаласпыз, – Гүлнәр Бектемірова.

Малдың ішек-қарнын әп-сәтте тазалайтын Гүлнар Бектемірова

Малдың ішек-қарнын әп-сәтте тазалайтын Гүлнар Бектемірова / Фотосурет автордікі

– Біріміз қамыр илеп, біріміз лаулаған оттың басында бауырсақ пісіріп, біріміз ыдыс-аяқ жуып, енді біріміз малдың ішек-қарнын тазалап жатырмыз. Көптен күткен ұлы мерекенің сән-салтанатпен атап өтілуі, дастарханымыздың жайнап тұруы бізге байланысты. Сондықтан өз үйіміздің тірліктерін тастап, түн жарымы ауғанша сіз-біздесіп, атқарып жатырмыз, – дейді Гүлнар Бектемірова.

«Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда»…

Наурыздың арайлы таңы атты. Төрт түлігін өріске өргізген соң, ауыл халқы ұлттық киімдерін киіп алаңға қарай аяңдады. Өйткені Наурыз той осы жерде тойланады. Орталыққа жиналған қариялар, ақ жаулықты аналар амандық-саулық сұрасып, төс қағыстырып, бірін-бірі құттықтап жатты.

Ауыл ақсақалдарының иығына шапан жабылды

Ауыл ақсақалдарының иығына шапан жабылды / Фотосурет автордікі

Наурыз – көнеден келе жатқан мейрам. Бұрындары көше-көше болып, сайысқа түсіп тойлайтын едік. Жалпыхалықтық сипат алу үшін қазір әр жылы туғандар ұйымдастырып, атқарып жүр. Өзім осы ауылда туып-өстім. Он баланы тәрбиеледік, – дейді ауыл ақсақалының бірі Мият Мәліков.

Бақытты ата

Бақытты ата / Фотосурет автордікі

– Бүгінде олардан 43 немере, 15 шөберем бар. Қалада тұратын немерелерімді шақырып, ауылдың Наурызын көрсетуге тырысамын. Өйткені, қазақтың салт-дәстүріне куә болады, ауыл халқының ұйымшылдығын көреді, тірліктеріне қолқабыс жасайды, – дейді Мият ақсақал.

Жеті түрлі дәмнен жасалған Наурыз көже

Жеті түрлі дәмнен жасалған Наурыз көже / Фотосурет автордікі

Шынында да ауылда Наурыз ерекше тойланады. «Ұлыстың ұлы күні қазан толса, сол күні ақ мол болар» дегендей екі-үш тай қазанда наурыз көже пісірілді, енді бірінде палау басылды. Жасы да, үлкені де наурыз көжеден дәм татады. Үлкендердің өнегелі әңгімесін естиді.

Наурыздың сәні – наурыз көже ғой. Наурызкөжені тойып ішсең, келесі жылға дейін тоқ жүресің деген сөз бар. Оны қыз-келіншектер дәмді етіп дайындапты.

Дәмді палаудан дәм татуға бәрі асық

Тәтті палаудан дәм татуға бәрі асық / Фотосурет автордікі

– Ал өзім 400-500 адамға жететіндей палау бастым. Қол, көз үйренген. Өйткені 27 жылдан бері палау басамын, – дейді Латиф Мирсалиев.

Ақ тілектер ақтарылған күн

Ақ тілектер ақтарылған күн / Фотосурет автордікі

Ал қыз-жігіттер өз өнерлерін ортаға салып, ақ дастарханға жиналған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысты. Ауылдағы «Димаш» балабақшасы, Нұржан Шойынбаев атындағы жалпы орта мектептің кішкентай өнерпаздары концерт қойып, мерекенің шырайын келтірді.

"Димаш" балабақшасының кішкентай өнерпаздары

«Димаш» балабақшасының кішкентай өнерпаздары / Фотосурет автордікі

Ал осы ауылдың жас келіндері сайысқа түсіп, ептіліктерін сынға салды

– Жеті ай бұрын осы ауылға келін болып түстім. Ауылдың Наурызын бірінші рет көріп отырмын. Қалаға қарағанда Наурыз той біздің ауылда ерекше аталып өтілетін секілді, – дейді жас келін Жазира Назарбекова.

Жас келіндердің кеспесіне апа-әжелер баға берді

Жас келіндердің кеспесіне апа-әжелер баға берді / Фотосурет автордікі

– Өйткені, мұнда бәрі бірін-бірі жақсы таниды. Өзім секілді ауылдың жас келіндерімен сынға түстім. Әуелі өзімізді өлеңмен таныстырдық. Өнер көрсеттік. Кеспе кесуден жарыстық. Қамырдың жұқалығына, сапасына қарай апа-әжелеріміз бағасын берді, – дейді Жазира.

Спорт түрлерінен өткен жарыстан көрініс

Спорт түрлерінен де жарыс өтті / Фотосурет автордікі

Ал жастар жағы арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақша күрес, футбол, волейбол, стол теннисі секілді спорт түрлерінен бағын сынады.

Тойды ұйымдастырушылар тарапынан жеңіске жеткендерге ақшалай сый-сияпат ұсынылды.

Ақбастаудың болашақ чемпиондары

Ақбастаудың болашақ чемпиондары / Фотосурет автордікі

Тік тұрып, зыр жүгіріп, қызмет көрсеткен 1972-73 жылғылар ауыл тұрғындарынан ақ бата алып, келесі Наурызды тойлаудың эстафетасын 1974 жылы туған ауылдастарына тапсырды.

Той бәріне қуаныш

Informburo.kz