Ағабек Қазанбайдың есімі көзіқарақты көрермен үшін жақсы таныс. Қазақ телевизиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, қаншама жігіттерді телеоператорлыққа баулыды.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы атанды. Жуырда «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Айдос Үкібаев пен агенттік ұжымы «Хабар-20 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тағып, зейнеткерлікке құрметпен шығарып салған еді. Шымкентке оралған танымал телеоператормен сұхбаттасудың сәті түсті.

 MG 1135

Ағабек аға, телеоператор болуды бала күннен армандаған ба едіңіз, әлде кездейсоқ келдіңіз бе?

– Бала күнімде киноға түсіп, театрда ойнайтын әртіс болуды қаладым. Бірақ ол арманым орындалмай қалды. Әкесіз өстім. Әкем Сералы үш жасымда өмірден озыпты. 10-сыныпты бітіргеннен кейін Ташкентке оқуға түскім келді. Анам түрлі қиындықтарға қарамастан «үйдегі жалғыз сиырды сатсам да, сені оқытамын» дейтін. Бірақ жалғыз анама ауыртпалық салғым келмеді. Содан кейін Шымкенттегі политехникумға, көңілім мүлде қаламаған мамандыққа құжат тапсырдым.

Камераға қызығушылығыңыз қалай оянып жүр?

– 6-сынып оқып жүргенімде анам «Зенит» фотоаппаратын алып берген. Жұман, Әбен деген достарым бар еді. Техникаға қатты құмар болдық. Мектептегі іс-шаралардан бастап, ауыл-аймақтың бар жаңалықтарын фотосуретке түсіріп жүріп, фотоаппараттың тілін жетік меңгеріп алдым. Қалаға оқуға түскен соң түрлі жұмыстарды атқарып жүріп, бір күні облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінен «Киностудия әуесқойлар клубына кино түсіріп үйренемін деген жастарды қабылдаймыз» деген тілдей хабарландыруды көзім шалды. «Көрсем, білсем, меңгерсем» деген қызығушылық көрсетілген мекенжайға жетелеп әкелді. Қожагелді Сағымсақов, Абай Омаров есімді жігіттермен таныстым. Сосын маған «талабыңды байқап көрейік» деді де қолыма кинокамера ұстатып, түрлі планда, түрлі көріністерді түсіріп әкелуімді тапсырды. Пленкамен түсіресің. Түсіріп жүріп, бірте-бірте оны да меңгеріп алдым. Осылайша Киностудия клубында әдіскер болып жұмысқа орналастым. Деректі фильмнің дыбысталуына жауап беретінмін. Ал одан кейін Владимир Ли мен Нарзия Омарова жұмысқа шақырды. Ол «Қазақстан» телеарнасының біздің облыстағы меншікті тілшісі еді. Жаңалықтар қызметіне қалай сюжет түсіруді үйретті. Көлік жүргізушісі, жарық қоюшы әрі кинооператор болып, бірнеше жұмысты қатар атқарып жүрдім.

 MG 1114

25 жылдық тарихы бар «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында да сіздің қолтаңбаңыз бар екенін білеміз…

– Бірде Байдулла Қонысбек ағамен Бәйдібек ауданында жолығып қалдым. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы ашылатынын, телеоператор жігіттердің қажет екенін айтты. Қасыма Қожакелді Сағымсақов, Абай Омаров, Хусан Азизов, Талғат Елеубеков сынды жігіттерді ертіп бардым. Телеарнаның ең алғашқы құрылған сәтінен бастап, куә болғаныма, ғимарат еденінің шегесін қағысып, техникаларын қойысып, титтей үлесім тигеніне қуанамын. 7-8 жыл сол жерде жұмыс істеп, өңір тұрғындарын дер кезінде ақпараттандыруға тырыстық. Одан кейін бізде «Хабар» арнасының тілшілер қосыны ашылып, белгілі журналист Қалыбек Атжан мені телеоператорлыққа ұсынды. Осылайша 1998 жылдың шілдесінде телеарнаның сол кездегі басшысы Дариға Нұрсұлтанқызы жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарып, «хабарлық» атанып шыға келдім.

Зейнеткерлікке шықсаңыз да, қанша жыл серігіңіз болған бейнекамераны сағынатын боларсыз?

– Соңғы он жылым Алматы, Астанада өтіпті. «Хабар» ұжымы сән-салтанатын жасап, құрмет көрсетті. Шымкентке келіп, екі айдай үйде демалдым. Ағайын-туысты аралап, сағынышым басылғанмен, тыншымадым. Әбден елдің ортасында жүріп адамдармен дидарласып, әңгімелесіп, үйренген соң ба, үйге сыймай кеттім. Қазір Дулат Әбіштің шақыртуымен «Айғақ» телеарнасында қайта телеоператорлық кәсібімді жалғастырып жатқан жайым бар. 

Камераңызға ілікпеген кадрлар бар ма? Не түсіргіңіз келеді?

– Оңтүстіктегі зиялы қауымның барлығы туралы арнайы деректі фильм түсірдім десем де болады. Дінмұхаммед Қонаев, Асанбай Асқаров, Жұмамұрат Тұяқбаев, Сабыр Рахымов тағы басқа ел ағалары жайлы түсірген дүниелерімді ел ұмыта қойған жоқ шығар. Енді 18 ғасыр мен 19 ғасырдың басында қазақ халқының басынан кешірген оқиғаларын көрсететін, отансүйгіштік сезімді насихаттайтын көркем фильм түсірсем деген мақсатым бар. Түсірілім жұмыстары мамыр айында басталады. Сондай-ақ, айтыскер ақын О. Тайманов туралы «Тасада қалған Тайманов» атты деректі фильм түсіруге кірістік.

Айтыңызшы, телеоператордың бақыты неде?

– 2003 жылы Қазақстан журналистерінің конгрессінде Дариға Назарбаева жаңа куәлік табыстап тұрып, «мен Ағабек Қазанбайдың әр кадрынан-ақ Шымкентте не боп жатқанынан хабардар болып отырамын» деген. Бұл мен үшін үлкен марапат, үлкен мәртебе. Көзіқарақты көрермен, әр түсірген сюжетіңді бағалап, қолтаңбаңды танып жатса, одан артық қуаныштың керегі не?! Қайсар Шерім, Сапарәлі Рысбеков, Нұрлан Нұрбеков, Ақжол Рахманқұлов, тағы басқа телеоператорлыққа баулыған шәкірттерім көп. Аға деп ізет көрсетіп тұрады. Олардың әр жетістігі үшін де қуанамын. Қыстың күні жақсы кадр үшін белуардан су кешіп, өртпен арпалысып, қоңырау түссе, түннің ортасында ұйқымыздан атып тұрып, асығыс жолға аттандық. Ұрымтал сәтті қалт жібермеуге тырыстық. Жауапкершілікті жоғалтпадық. Тарихты таспаға басып, келер ұрпаққа аманаттадық. Біле білгенге, бағалай алғанға, мұның өзі зор бақыт.

 MG 1140

Қазіргі телеоператорларға көңіліңіз тола ма? Оларға не жетіспейді?

– Әр телеарнада мінсіз түсіретін жігіттер бар. Бірақ санаулы ғана. Кейбіріне сын айтсаң бұлқан-талқан ашуланып, ренжіп шығады. «Мен керемет түсіремін» деп кеуде соғатындардың кадрлары экранда сәулеленіп шықпайды. Тіпті сұхбат беріп тұрған кейіпкердің артындағы фонға назар аудармай түсіре беретін жігіттер бар. Кей сюжеттерін көріп қарным ашады. Қазір ізденуге мүмкіндік көп ғой. Ғаламторды ашып қалсаңыз, барлық мәлімет тұр. Телеоператор жігіттердің көзі қырағы, көреген болуы керек. Ізденісті бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Ал өзін әлі күнге дейін қай қырынан түсірсем, әдемі кадр жасаймын деп, ізденісте жүремін.

Қалай ойлайсыз, бізде неге телеоператор қыздар жоқ?

– Италияның төрт қаласында, Қытайдың алты қаласында, одан бөлек Германия елінде іссапармен болдым. Ол жақта телеоператор қыздар көп. Бізде жоқ. Қазір біздің қыздарымыз бен әйелдеріміз ер азаматтар атқара алмайтын жұмысты істеп, иықтарымен ауыр жүкті көтеріп жүр. Базарда ала дорба арқалап жүргендері қаншама. Оның үстіне қазіргі телекамералардың салмағы тым жеңіл. Ары кетсе 2,5-3 кг ғана. Оған 3 кг штативтің салмағын қосыңыз. Қазақстанның тұңғыш әйел-телеоператоры Нәрзия Омарованың жолын жалғайтын қыздар керек-ақ. Қыздардың бейнекамера тілін меңгеріп, телеоператор болуын қуана қолдаймын.

Есте қалған қызықты оқиғаларыңызбен бөліссеңіз?

– Осы оқиға ойымнан бір сәтке де шыққан емес. 1992 жылы Шымкентте Наурыз мерекесі тойланып жатқан. Алаңда әуе шары ұшып-қонып жүрген еді. Жалпыхалықтық мерекені туу биіктен түсірсем, керемет кадрлар шығатынын көз алдыма елестеттім де, бейнекамерамды арқалап әуе шарымен көкке көтерілдік. Бәрі ойдағыдай еді, әуе шарды басқарушы жігіт газдың таусылғанын хабарлап үлгерді. 450 метр биіктіктен құлдилап, Ә. Жангелдин көшесіндегі бір үйдің сарайына келіп соғылдық. Бар ойым, бейнекамераны сындырмай, аман сақтап қалу болды. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін қабырғамның сынғанын білдім. Тыныс алуым қиындап жатса да, әріптестерімнен «телекамера аман ба?» деп сұрай бергенім есімде.
Тағы бірде қазақтың ұшқыш қызы Тоты Әмірова жайлы арнайы хабар түсіру керек болды. Әр қимылын қалт жібермей бақылап отырмын. «Ал, жігітім, дайындал, біз ұшамыз» деді. Мен Алатаудың әсем көрінісі мен Тотының ұшақ басқарудағы іс-әрекетін ұштастырып таспаға жазып аламын деп ойлап отырғанмын. Қайдағы. Ұшақ жермен зулап келіп, көкке қиялай көтерілгенде артқа қарай бірнеше рет домалап, кабинаның есігіне барып соғылдым. Тізе берсем, қызық көп (күлді).

Әңгімеңізге рахмет!

«Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газеті

Фотосуреттер автордікі