Әйгерім Бегімбетпін.

2008 жылы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепті, 2012 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірдім.

7-сыныптан бастап журналист болуды қаладым. Өйткені сол кезде шимай-шатпақтарым балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газетінде, облыстық «Балбөбек», «Балқаймақ» газеттерінде жиі жарық көретін. Жас тілшісі болдым. Шығармалар байқауында топ жардым. Жас тілшілердің республикалық, халықаралық форумдарына қатыстым. 11-сынып оқып жүргенде Алматыға «Ұлан» ұйымдастырған Қаламгер азамат» форумына келдім. Форум аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Бауыржан Жақып, Қасым Аманжол ағалармен кездесу болды. Қалашықты араладық. Алматыға, ҚазҰУ-ға ғашық болдым. Мектеп бітірген соң, осы университтетте оқимын деп өзіме іштей сөз бергенмін. Аллаға шүкір, орындалды. 2008-2012 жыл аралығында қарашаңырақта білім алдым. Сары үйде тұрдым. Сосын дипломымды алған соң мамаммен жасасқан келісімшарт бойынша Шымкентке қайттым.

Облыстық «Оңтүстік Рабат», қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінде, республикалық «Әжір» балалар журналында, toqtama.kz, bnews.kz, el.kz, informburo.kz сайттарында жұмыс істедім.

Қазір фрилансермін. Шығармашылық еркіндікті ұнатамын. Сайттарға фоторепортаж жасаймын. Мақала жазамын. Фотографиямен айналысамын. Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде фотожурналистика үйірмесін жүргіземін. 6-сыныпта туған күніме әпшем пленкалы фотоаппарат сыйлаған. Сол сәттен бастап қолымнан фотоаппарат түскен жоқ. Жанымда.

Журналистиканы да, фотографияны да жақсы көремін. Бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмаймын. Жақсы ұстазға, жақсы оқытушыға, жақсы басшыға жолықтым.

Тау-тас кезгенді, саяхатты жақсы көремін. Жүзе алмаймын. Сондықтан судан қорқамын.

Авторлық сайтыма қош келдіңіз!

[insta-gallery id=»2″]